МӘМС ТАЛАЙ ТАҒДЫРҒА АРАША ТҮСТІ

Медицинаның дамыған заманында адам өмірін арашалап қалуда жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын күрделі оталардың маңызы күн санап артып келеді. Десе де қалтаны қағатын мұндай қымбат оталарға кез келген қарапайым тұрғынның қолы жете бермейтіні де жасырын емес еді. Бұл ретте Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі көптің көкейіндегі күдікті сейілтіп, қаржылық қыспақтан құтқаратын нағыз әлеуметтік қорғанға айналды.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Түркістан облыстық филиалының мәліметіне сүйенсек, 2026 жылдың алғашқы төрт айының өзінде-ақ өңірде 98 жағдайда жоғары технологиялық медициналық ота жасалып, оған қор есебінен 469 миллион теңге қаржы жұмсалған. Қазіргі таңда кардиохирургия, нейрохирургия, урология, травматология мен онкология секілді күрделі бағыттар бойынша ай сайын ондаған адамның тағдыры МӘМС-тің шапағатымен аман қалып жатыр. Бұл жүйенің халыққа берген жеңілдігін бір ғана мысалмен-ақ бағамдауға болады. Заманауи құрылғылармен жасалатын осындай жоғары технологиялық бір ғана отаның орташа құны шамамен 4,7 миллион теңгені құрайды. Мұндай қомақты қаржыны бірден тауып беру кез келген отбасыға үлкен салмақ. Филиал директоры Бақыт Торғайбайұлының айтуынша, бүгінде өңірде МӘМС-тің арқасында қымбат операциялардың қолжетімділігі артып, емдеу сапасы мүлдем жаңа деңгейге көтерілді. Қазір Түркістан облысының дәрігерлері жүрек пен қан тамырларындағы, күрделі жүйке жүйесіндегі, есту мен көру қабілетіне қатысты ауыр дерттерді еш қиындықсыз ауыздықтап, тіпті шыр етіп дүниеге келген нәрестелердің туа біткен ақауларын түзетуге арналған бірегей оталарды да сәтті орындауда.
Үстіміздегі жылдың төрт айлық көрсеткіштерін таразылап көрсек, атқарылған істің ауқымы айқын көрінеді. Мәселен, есепті кезеңде 21 кардиохирургиялық ота жасалып, оған 92,6 миллион теңге төленсе, адам өміріне тікелей әсер ететін 32 нейрохирургиялық күрделі операция орындалып, оның жалпы құны 198,9 миллион теңгені құраған. Бұдан бөлек, адам ағзасын алмастыру секілді аса жауапты кезеңде 5 бүйрек трансплантациясына 1,5 миллион теңге, ал 1 бауыр трансплантациясына 8,9 миллион теңге бағытталған. Аталған қызметтердің барлығы сақтандырылған азаматтар үшін мүлдем тегін жүргізілді. Пациенттерге күндізгі және тәулік бойғы стационар жағдайында көрсетілетін мұндай заманауи ем-дом тәсілдері ауыр диагноз қойылған жандардың өмір сапасын жақсартып, ғұмырын ұзартуға таптырмас жағдай жасап отыр.
Еске сала кетсек, бұл игілікті істің ауқымы өткен жылы да көңіл көншіткен болатын. 2025 жылы МӘМС жүйесі аясында Түркістан облысында жоғары технологиялық медициналық қызметтерге 1,3 миллиард теңгеден астам мол қаржы бағытталып, мыңдаған тұрғынның дертіне шипа болған еді. Филиал басшысы атап өткендей, миллиондаған қаржыны талап ететін оталардың сақтандыру есебінен жабылуы — денсаулық сақтау жүйесіндегі үлкен жетістік. Осылайша, МӘМС арқылы көрсетілетін сапалы медициналық көмек азаматтардың қаржылық жүктемесін жеңілдетіп қана қоймай, әрбір тұрғынның сапалы шипаға тең қол жеткізуіне, ең бастысы — талай қазақстандықтың өмірін сақтап қалуға себепші болып отыр.