ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

Тұмса табиғатымен көз тартатын Төлеби ауданындағы Аққұм ауылында дүбірлі жиын өтті. Нақтырағы зәулім спорт кешені пайдалануға берілді. Мемлекет және қоғам қайраткері Мұхит Оралбайұлы Әлінің есімі берілген жаңа спорт ғимаратының ашылу салтанатына аудан мен облыс жұртшылығы ғана емес, алыс-жақыннан, яғни көршілес Жамбыл, Қызылорда облыстарынан, тіпті Сарыарқаның төріндегі Астана мен Алатау баурайындағы Алматы қалаларынан зиялы қауым өкілдері, ел ағалары мен марқұмның үзеңгілестері арнайы ат арытып келіп, ақжарма тілектерін ақтарды.

Өмір жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, парасаты мен біліктілігінің арқасында бірнеше аудан мен шаһарды табысты басқарған Мұхит Оралбайұлының ел дамуына қосқан үлесі ерекше еді. Әр жылдары Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары, облыс әкімінің кеңесшісі секілді сындарлы да жауапты қызметтерді абыроймен атқарған ол ұлттық руханият пен мәдениеттің де шын жанашыры бола білді. Қайда жүрсе де кіндік қаны тамған Аққұмын жадынан шығармай, көзі тірісінде ауыл мешітінің салынуына ұйытқы болып, талай игі істердің басы-қасында жүрді. Оның ең үлкен армандарының бірі – ауыл балалары мен жастары үшін заманауи спорт кешенін салып беріп, олардың қиялына қанат бітіру еді. Бірақ шолақ тағдыр асыл азаматқа осы бір ізгі ниетін өз қолымен аяқтауға мүмкіндік бермеді.
Десе де «жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, ердің ісін елі жалғады. Мұхит Әлі бастаған сауапты жолды суытпай, оның туған күніне орай ауыл жұртына үлкен тарту жасаған Аққұмның тумасы, белгілі кәсіпкер Төре Сапарханұлы Құрбанов болды. Жанашыр азамат өз қаражатына салынған заманауи үлгідегі спорт кешенін ел игілігіне тегін табыстап, ұрпақтар сабақтастығының тамаша үлгісін паш етті. Салтанатты шарада мемлекет қайраткері Нартай Дүтбаев, Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, белгілі жазушы-драматург Роза Мұқанова, Сидней Олимпиадасының шыңында найзағайдай жарқылдаған батыр ұл Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Шойбекова, ақын Күлия Айдарбекова, әдебиеттанушы ғалым, профессор Құлбек Ергөбек бастаған бір топ зиялы қауым сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын зор қуанышпен құттықтады.
Жиын барысында елдің байырғы қариялары Жеңісбек Тұрғанов пен Созақбай Әбдіқұлов ақ баталарын беріп, жаңа қара шаңырақтың құты артсын деген тілектерін білдірсе, от ауызды, орақ тілді ақын Біржан Байтуов өзінің отты арнауын оқып, даланың рухын асқақтатты. Шара соңында Мұхит Оралбайұлы Әлінің рухына бағышталып құран оқылып, кең дастарқан жайылып, ас берілді. Бұдан былай бұл зәулім кешен аққұмдық жастардың спортпен тұрақты шұғылдануына, салауатты өмір салтын серік етуіне даңғыл жол ашып, көк туымызды әлемдік ареналарда желбірететін болашақ Олимпиада чемпиондарын тәрбиелеп шығаратын киелі ұяға айналары сөзсіз.