ОРДАБАСЫДА ҚОС БІРДЕЙ ОЙЫН АЛАҢШАСЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Ордабасы ауданында ауыл ажарын ашып, ағайынның жайлы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бағытындағы игі істердің көрігі қыза түсті. Осы мақсатта өңірде балалар ойын алаңшалары мен заманауи спорт нысандарының құрылысы қарқынды жүргізіліп, кезең-кезеңімен ел игілігіне беріліп жатыр. Жуырда ғана осынау берекелі істің куәсі болған Бадам ауыл округіне қарасты Ақбұлақ ауылының тұрғындары үлкен қуанышқа кенелді. Ауылда заманауи талаптарға сай, талғаммен салынған қос бірдей балалар ойын алаңшасы салтанатты жағдайда пайдалануға тапсырылды.
Жаңа нысанның ашылу рәсіміне ауыл әкімі Нұрлан Байбахов, елдің ұйытқысы болып отырған ауыл ақсақалдары, жергілікті тұрғындар мен белсенді қоғам өкілдері арнайы қатысты. Қос алаңшаның керілген қызыл лентасын қиған ауыл үлкендері балалардың қуанышына ортақтасып, ақ баталарын жаудырды. Ақбұлақтық бүлдіршіндердің асыға күткен бұл нысандарының құрылысы 2025 жылдың соңында бастау алған болатын. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің тікелей үйлестіруімен және аудандық бюджеттің қаржысы есебінен бой көтерген бұл демалыс орындары бүгінде ауыл балаларының ең сүйікті мекеніне айналды. Ендігі кезекте жаңа алаңшалар кішкентай тұрғындардың қауіпсіз әрі сапалы демалысын қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың шынығып, спортпен шұғылдануына және бос уақыттарын тиімді, көңілді өткізулеріне кеңінен жол ашып отыр.
Айта кету керек, Ордабасы топырағындағы мұндай оң өзгерістер тек Ақбұлақпен ғана шектеліп қалған жоқ. Бұған дейін де осы Бадам ауыл округіне қарасты Дербес ауылында балалар ойын алаңшасы мен жастардың басын қосатын ашық футбол алаңы пайдалануға беріліп, елдің алғысына бөленген еді. Сәні мен салтанаты жарасқан осындай жобалар аудан орталығынан жырақ жатқан ауылдардың әлеуетін көтеріп, болашақ ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына серпін бермек. Осылайша, Ордабасы өңіріндегі құрылыс қарқыны ауылдардың еңсесін тіктеп, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға зор үлес қосып келеді.




