ЕҢСЕСІ БИІКТЕГЕН ЕМХАНА ЕЛДІҢ ЫРЫСЫН ЕСЕЛЕМЕК

Түркі әлемінің алтын бесігі болған қасиетті Түркістан бүгінде жаңа заманның тынысымен үндесіп, дамып келеді. Кешегі күн мен ертеңді жалғаған шаһардың көркейіп, гүлденуіне сырттан келген инвесторлардың да үлесі аз емес. Осы орайда, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен түркиялық белгілі «YDA Holding» компаниясының басқарма төрағасы Хусейн Арсланның арасында өткен кездесу өңір дамуының жаңа бір парағын ашқандай болды. Басқосудың басты өзегі Түркістан төрінде бой көтеріп жатқан 570 орындық зәулім де заманауи көпбейінді аурухананың құрылысын сәтті аяқтау, аймақтағы инвестициялық бастамаларды үдету және бауырлас екі ел арасындағы алтын көпірді бекіте түсу мәселелеріне тірелді.

Кездесу шымылдығын ашқан өңір басшысы Нұралхан Көшеров жуырда ғана Түркістан топырағында жоғары деңгейде өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін тілге тиек етіп, мәртебелі меймандардың қала көркіне тәнті болғанын мақтанышпен жеткізді. Расында да, бүгінгі Түркістан – күллі түркі баласының басын біріктіруші, тұтастықтың туын тігуші қасиетті мекен. Ал осы ұлы мақсаттарға жол ашқан халықаралық әуежайды қысқа мерзімде сапалы тұрғызып берген дәл осы «YDA Holding» компаниясы екенін аймақ басшысы ерекше атап өтті. Дәл осы әуежай арқылы бес мемлекеттің басшысы тарихи шаһарға табан тіреп, бірліктің туын тіккені – серіктестіктің нақты жемісі. Ендігі кезекте осы сыралғы серіктестік медицина саласында жалғасын тауып жатыр. Нұралхан Көшеров түрік ағайындарды тек құрылыспен шектелмей, облыстың инвестициялық әлеуетін пайдалана отырып, ауыл шаруашылығы мен өндіріс салаларына да батыл қадам жасауға шақырды. Өңірде инвесторлар үшін есік те, көңіл де ашық, барлық инфрақұрылымдық қолайлылық жасалған.
Өз кезегінде сөз алған Хусейн Арслан Түркістанның ескі бейнесі мен қазіргі айбынды кейпін салыстыра отырып, шаһардың ғаламат өзгеруіне таңданысын жасыра алмады. Халықаралық саммиттің жоғары деңгейде өткенімен құттықтаған ол Түркістанның тарихи миссиясын абыроймен атқарып жатқанына тоқталды. Түркиялық инвестордың айтуынша, 15,6 гектар аумақты алып жатқан, 2020 жылдың мамыр айында республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында іргетасы қаланған зәулім емдеу мекемесінің құрылысы бүгінде 86 пайызға аяқталған. Сапа мен жылдамдықты ұштастырған компания бұл бірегей аурухананы осы жылдың соңына дейін толық пайдалануға беріп, ел игілігіне ұсынуды көздеп отыр.
Жаңа нысан – Түркістан өңірінің медицина саласына үлкен бетбұрыс әкелетін, заманауи қондырғылармен жабдықталған алып шипажай орталығы болмақ. Денсаулық сақтау министрлігі мен мүдделі тараптар арасындағы нақты келісімдердің арқасында бой көтерген бұл нысан іске қосылған сәтте, аймақ халқының сапалы медициналық көмекке қол жеткізу мүмкіндігі еселеп артпақ. Осылайша, Түркістан төріндегі бұл жоғары деңгейдегі келіссөз қос тараптың тек уағдаластығы емес, бауырластық пен жасампаздықтың, ел болашағына жасалған зор қамқорлықтың айқын көрінісі ретінде тарихқа хатталды.