КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысында өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар жаңа қарқын алуда. Жуырда облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен өткен кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның штаб отырысында балалардың психологиялық саулығы мен тәуекел тобындағы отбасыларға қолдау көрсету мәселелері егжей-тегжейлі сараланды.
Жиын барысында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Зылиха Кенжебаева мен облыстық психологиялық қолдау орталығы директорының орынбасары Гүлмира Төленова 2026 жылдың сәуір айындағы жағдайларға жасалған терең талдауларын ұсынды. Сондай-ақ Сайрам, Төлеби және Шардара аудандары әкімдерінің орынбасарлары ведомствоаралық жұмыстардың есебін беріп, өңірдегі профилактикалық шаралардың барысымен бөлісті. Комиссия төрағасы Ертай Алтаев кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуда тек құрғақ есеп емес, нақты нәтиже керек екенін қадап айтты. Оның пайымынша, бүгінгі таңда балалардың психоэмоционалдық жағдайын тұрақтандыру мен мектеп психологтарының кәсіби деңгейін көтеру – кезек күттірмейтін мәселе. «Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру – басты міндет. Білім беру ұйымдары мен отбасы институтының өзара іс-қимылын күшейту арқылы ғана біз тәуекел тобындағы балаларды ерте анықтап, оларға уақтылы көмек бере аламыз» деді ол.
Бұл ретте комиссия тарапынан білім беру ұйымдарындағы тізімдерді қайта қарап, жаңарту, мектеп психологтарының кабинеттерін заманауи талапқа сай жабдықтау және денсаулық сақтау ұйымдарымен тығыз байланыс орнату туралы нақты тапсырмалар берілді. Жиынның тағы бір маңызды түйіні – мереке және демалыс күндері жасөспірімдердің бақылаусыз жүруіне жол бермеу мәселесі болды. Комиссия әрбір келеңсіз жағдайды жан-жақты зерделеп, жауапты тұлғалардың жауапкершілігін қатаң қарауды міндеттеді. Ендігі кезекте ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйеленіп, балалардың қауіпсіз мінез-құлқын қалыптастыруға бағытталған жаңа әдіс-тәсілдер енгізілмек.




