ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН КӘСІПОРЫН ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Түркістан облысында өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен ауылдық аймақтарда өндіріс орындарын ашу жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Әр ауданның өзіндік әлеуеті мен ерекшелігі зерделеніп, нақты жобаларға жол ашылды. Осы бағыттағы игі істердің бірі Сауран ауданына қарасты Қарашық ауылдық округінде жалғасын тапты. Мұнда заманауи үлгідегі жұмсақ жиһаз шығаратын жаңа кәсіпорын жұмысын бастады.

Жеке кәсіпкер Дилшат Нуришевтің бастамасымен құрылған «Soft Line» кәсіпорны бүгінде өңірдегі жиһаз өнеркәсібінің дамуына өзіндік үлес қоса бастады. Жобаның жалпы құны 250 миллион теңгені құрайды. Бұл инвестиция ауылдық жерде өндірістік инфрақұрылымды қалыптастыруға және жоғары сапалы өнім шығаруға бағытталған. Кәсіпорын заманауи құрылғылармен жабдықталған, бұл өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, нарықта өз орнын табуға мүмкіндік береді. Жаңа өндіріс орнының ашылуы — тек экономикалық көрсеткіш емес, ең алдымен әлеуметтік маңызы зор қадам. Кәсіпорын іске қосылған сәттен бастап 30 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылды. Жергілікті тұрғындардың табыс табуына жаңа мүмкіндік туды. Ауыл жастарының кәсіби шеберлігін шыңдауға жағдай жасалды.
Сауран ауданындағы бұл жоба өңірдегі шағын және орта бизнестің әлеуетін айқын көрсетіп отыр. Облыс басшылығының қолдауы мен кәсіпкерлердің іскерлігі ұштасқан жерде нақты нәтиже бар. Бүгінде Қарашықта өндірілген жұмсақ жиһаздар сапасы жағынан отандық өнімдер арасында жоғары бағаланып үлгерді. «Soft Line» секілді кәсіпорындардың қатары артуы Түркістан облысының индустриялық дамуының кепілі болмақ.