БІРЛІК МЕРЕКЕСІНДЕ ЖАҢА САЯБАҚ АШЫЛДЫ

Түркістан облысында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мен демалыс орындарын заманауи талапқа сай жаңғырту жұмыстары қарқын алды. Соның жарқын айғағы ретінде, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінде Сайрам ауданы, Ақсу ауылындағы Орталық саябақ танымастай өзгеріп, пайдалануға берілді. Бұл нысан ауыл тұрғындары үшін нағыз мерекелік тарту болды.
Ақсудағы бұл жоба мемлекет пен жекеменшік серіктестігінің оңтайлы үлгісін көрсетіп отыр. Саябақтың жаңа кейіпке енуіне инвесторлар тарапынан 675 миллион теңге көлемінде инвестиция тартылған. Бұл қаражатқа тек қана әрлеу жұмыстары емес, халықаралық стандартқа сай демалыс кешені бой көтерді. Жаңартылған демалыс аймағының өз ерекшеліктері бар. Балалар мен ересектердің көңілінен шығатын 20-ға жуық қауіпсіз ойын құрылғысы орнатылды. Саябақтың орталық бөлігінде әсем субұрқақ іске қосылып, айналасы жасыл желекпен көмкерілген. Келушілер үшін арнайы фуд-корт аймақтары мен демалыс орындары қарастырылған.
Мерекелік шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, жергілікті этнос өкілдерінің көрмесін тамашалады. Облыс басшысы өз құттықтауында Президент тапсырмаларына сәйкес өңірдегі этносаралық татулықты сақтау басты басымдық екенін қадап айтты. Өз сөзінде «1 мамыр – елдігіміздің, татулығымыз бен тұрақтылығымыздың белгісі. Сайрам ауданында 39-дан астам этнос өкілдерінің бір шаңырақ астында тату өмір сүруі – біздің басты байлығымыз. Бүгінгі ашылып отырған заманауи саябақ осы бірлігімізді нығайта түсетін, халықтың берекелі демалыс орнына айналады» деді өңір басшысы.
Бүгінде 243 мыңнан астам халқы бар Сайрам ауданы облыстағы ең тығыз орналасқан әрі көпұлтты аймақтардың бірі. Жаңа ойын-сауық паркінің ашылуы ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын дамытып қана қоймай, жергілікті тұрғындардың өмір сапасын жаңа деңгейге көтермек. Бұл бастама — Түркістан өңіріндегі жүйелі жүзеге асып жатқан жайлы орта қалыптастыру жұмыстарының бір парасы ғана. Ақсудағы ақжолтай жаңалық ауыл мен қала арасындағы алшақтықты жоюдың нақты қадамы болды.




