ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІ ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫН ӨРГЕ СҮЙРЕП КЕЛЕДІ

Еліміздің экономикасында оң өзгерістер нышаны айқын байқала бастады. Ұлттық статистика бюросының 2026 жылдың алғашқы төрт айына қатысты жариялаған алдын ала деректері көңілге сенім ұялатады. Биылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 3,6 пайызға өсті.
Биылғы өсімнің басты ерекшелігі — оның құрылымында. Егер бұрын біздің экономикамыз көбіне мұнай мен газға тәуелді болса, қазіргі динамика шикізаттық емес секторлардың рөлі күшейіп келе жатқанын аңғартады. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібі экономиканың қозғаушы күшіне айналып, бұл саладағы өндіріс көлемі бірден 9,9 пайызға артқан. Машина жасау саласындағы 23,3 пайыздық өсім елімізде көлік құралдарын, ауыл шаруашылығы мен теміржол техникасын шығару ісінің жаңа белеске көтерілгенін көрсетеді. Тіпті, жеңіл өнеркәсіп көлемінің 2,3 есе өсуі — отандық тауар өндірушілердің нарықтағы үлесі арта түскенін айқындайтын бірегей көрсеткіш.
Экономиканың әр саласындағы өзгерістер де көңіл көншітеді. Мәселен, жиһаз өндірісі 41,7 пайызға, фармацевтика 35,2 пайызға, ал құрылыс материалдарының өндірісі 27,7 пайызға артып, өндірістік қуаттың артқанын дәлелдеп отыр. Химия өнеркәсібі мен азық-түлік өндірісіндегі өсім көрсеткіштері де ел ішіндегі тұтыну сұранысы мен өндіріс әлеуетінің үндескенін білдіреді. Әсіресе, құрылыс саласындағы 114,5 пайыздық және көлік пен қоймалау саласындағы 112 пайыздық өсім елдегі инфрақұрылымдық жобалардың белсенді жүріп жатқанын, транзиттік әлеуеттің ашыла түскенін көрсетеді. Сауда мен ауыл шаруашылығы да базалық салалар ретінде тұрақты өсім жолынан жаңылған жоқ. Осының бәрі жиылып келіп, мемлекетіміздің жалпы ішкі өнім құрылымының әртараптанып, шикізаттық бағыттан өңдеуші, қызмет көрсетуші және технологиялық бағытқа қарай батыл қадам басқанын айғақтайды. Бұл — ұзақмерзімді тұрақтылықтың алғышарты әрі экономикалық егемендігімізді нығайтудың төте жолы.
Ж.БАЛАУСА.




