БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ МЕН ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОЛДАУ ЖҮЙЕСІ КҮШЕЙДІ

Бүгінгі қоғамның ең басты құндылығы да, болашағының кепілі де — бала. Алайда ақпараттық тасқын мен жаһандану дәуірінде өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі мен психологиялық саулығы мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Осы аптада Түркістан облысында ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваның қатысуымен өткен ауқымды жиын дәл осы түйткілдерді тарқатып, өңірдегі балалар қауіпсіздігінің жаңа бағыттарын айқындап берді.

Түркістан облысы — еліміздегі демографиялық өсімі ең жоғары аймақтардың бірі. Мұндағы мыңнан астам мектепте 500 мыңнан астам оқушы білім алуда. Бұл дегеніміз — жарты миллион тағдыр, жарты миллион болашақ. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен өткен жұмыс кеңесінде балалардың психологиялық жағдайына ерекше екпін берілді. Бүгінде өңірде 1353 педагог-психолог жұмыс істейді. Бірақ саннан сапаға көшетін уақыт жетті. Облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орыновтың айтуынша, психологиялық қолдау жүйесі толық жаңғыртудан өтпек. Енді психологтар тек қағаз жүзінде емес, әр баланың көңіл-күйіндегі титтей де болсын өзгерісті тани алатын деңгейге көтерілуі тиіс. Формалдылық пен жүйесіздікке орын жоқ. Бұл мәселедегі кез келген салғырттық басқарушылық әлсіздік ретінде бағаланып, қатаң кадрлық шешімдерге арқау болмақ.
Құқықбұзушылықтың алдын алуда тек педагогтар емес, құқық қорғау органдары да белсенді. Облыс прокурорының орынбасары Дәулет Тілемісов таныстырған «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында профилактикалық жұмыстар жаңа сипат алмақ. Ювеналдық полиция инспекторларының мектептермен жұмыс кестесі қайта қаралып, олар оқушылар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастырудың нақты құралына айналмақ. Жиында айтылған басты тезис — «әрбір баланың мәселесі – ортақ міндет». Прокуратура мен полицияның мектеп әкімшілігімен үйлесімді жұмысы ғана буллинг пен жасөспірімдер қылмысының жолын кесе алады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, балалар қауіпсіздігі саласына цифрлық технологиялар белсенді енгізілуде. Бұл ретте Түркістан облысы алдыңғы қатарлы тәжірибелерді қолданысқа енгізуді бастап кетті. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева таныстырған инновациялық шешімдердің ішінде жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін «Cheker» жүйесі ерекше қызығушылық тудырды. Бұл ақпараттық-талдау жүйесі интернеттегі зиянды контентті ерте анықтайды. Баланың деструктивті мінез-құлқын талдайды. Психоэмоционалдық мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, бұл цифрлық платформалар барлық мектептер мен колледждерге тегін ұсынылмақ. Бұл — буллингтің алдын алу мен балаға атаулы қолдау көрсетудегі үлкен бетбұрыс.
Баланың қауіпсіздігі тек мектеп қабырғасымен шектелмейді. «Тәрбие басы – тал бесік» десек, отбасындағы ахуалдың маңызы зор. Бүгінде облыстың барлық аудан, қалаларында 17 «Отбасын қолдау орталығы» жұмыс істеп тұр. Динара Закиева атап өткендей, баланың ішкі күйін ең алдымен ата-ана сезінуі керек. Сондықтан мемлекеттік саясат ата-аналардың жауапкершілігін арттыру мен оларға қажетті ақпараттық-түсіндіру қолдауын көрсетуге бағытталып отыр.
Жалпы Түркістанда өткен бұл жиын — құрғақ есеп беру емес, нақты іс-қимыл жоспарын бекіту болды. Психологтардың кәсібилігін арттыру, құқық қорғау органдарының жедел әрекеті және жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін пайдалану арқылы өңірде балалар үшін «қауіпсіздік белдеуі» құрылмақ. Мақсат біреу — әрбір түркістандық бала өзін қоғамның қорғауында екенін сезініп, ертеңіне нық сеніммен қарауы тиіс.