АРЫСТА ЖАҢА ДЕПО БОЙ КӨТЕРЕДІ

Түркістан облысының логистикалық торабы саналатын Арыс қаласында ауқымды инвестициялық жоба іске асырылуда. Қала әкімі Қайсар Маңқараев пен әлемдік машина жасау алыбы Alstom компаниясының Батыс және Орталық Азия бойынша басқарушы директоры Жером Бойе кездесіп, өңірдегі теміржол кластерін дамыту мәселелерін пысықтады.
Арыс — ежелден теміржолшылар қаласы. Бүгінде бұл статус жаңа мазмұнға ие болуда. Францияның атақты Alstom компаниясының қалаға келуі — жергілікті өндіріс үшін стратегиялық жеңіс. Айта кетейік, Alstom — локомотивтер мен жоғары жылдамдықты пойыздар өндірісіндегі әлемдік көшбасшы. Енді бұл брендтің сервистік орталығы Арыс топырағында бой көтереді. Кездесу барысында тараптар тек өндірісті ғана емес, жаңа жұмыс орындарын құру мен заманауи технологияларды трансферттеу мәселесін талқылады. Қадірлі мейман мен қала басшысы құрылыс алаңына арнайы барып, нысанның іргетасына символдық түрде қыш қалады.
Жаңадан салынып жатқан теміржол сервистік депосының ауқымы таңғалдырады. Жобаның техникалық-экономикалық көрсеткіштері төмендегідей. Жалпы құны — 3,5 млрд теңге. Жер телімі — 2,9 гектар. 100-ден астам жергілікті тұрғын тұрақты еңбекпен қамтылады. Жоба мақсаты — отандық теміржол паркіндегі KZ4 және KZ8 сериялы заманауи электровоздарға жоғары деңгейде сервистік қызмет көрсету және жөндеу. Қазіргі таңда нысанға қажетті инженерлік инфрақұрылымды (электр қуаты, су, жол) тарту жұмыстары жоспарлы түрде жүріп жатыр. Қала әкімі Қайсар Маңқараев бұл жобаның Арыс қаласының экономикалық драйверіне айналатынына сенімді. «Бұл депо — тек жөндеу цехы емес, бұл Арыстың өндірістік әлеуетін халықаралық деңгейге шығаратын ірі жоба. Біздің басты мақсатымыз — инвестиция тарту арқылы жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыру» деп атап өтті қала басшысы.
Теміржол саласындағы жаһандық серіктеспен орнатылған бұл байланыс Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын тағы бір дәлелдеді. Alstom технологиясы мен Арыстың еңбек ресурстары ұштасқан жерде өңірлік экономиканың тамырына қан жүгіретіні анық. Жаңа депо іске қосылғанда, Қазақстанның теміржол қатынасы заманауи, қауіпсіз әрі сапалы сервиспен қамтамасыз етілмек.




