EKOS ТЕХНОЛОГИЯСЫМЕН АЛҒАШҚЫ ОТА ЖАСАЛДЫ

Түркістан қалалық орталық ауруханасында отандық медицина тарихындағы елеулі оқиға орын алды. Өңірлік дәрігерлер алматылық әріптестерімен бірлесе отырып, елімізде тұңғыш рет EKOS тамырішілік ультрадыбыстық тромболизис технологиясын қолдану арқылы күрделі отаны сәтті аяқтады.
Бұл жоғары технологиялық ота Алматы қаласындағы «Artven» клиникасының тамыр хирургы, PhD Ғалымжан Азимбаевтың жетекшілігімен өткен шеберлік сабағы аясында жүзеге асты. Түркістандық ангиохирургтар үшін бұл шара заманауи әдістерді меңгеріп, клиникалық тәжірибеге енгізудің бірегей мүмкіндігіне айналды. Ауруханаға өте ауыр халде жеткізілген жас жігіттің өмірі қыл үстінде болған. Тексеру барысында науқастың мықын венасынан бастап оң жүрекшеге дейін жайылған ауқымды тромбтар анықталды. Мұндай патология қан айналымының күрт бұзылуына, жүрекке шектен тыс жүктеме түсіп, оның әлсіреуіне, тромбтың үзіліп, өкпе артериясына немесе басқа да маңызды ағзаларға түсу қаупіне әкеп соқтырады.
Дәрігерлер консервативті емнің орнына инновациялық тамырішілік ультрадыбыстық тромболизис пен баллонды технологияны ұштастырды. Процедураның ерекшелігі бар. Тромб ішіне енгізілген арнайы вибрациялық катетер ультрадыбыс көмегімен тромбты ұсақтайды. Катетер арқылы қысыммен жіберілген тромболитикалық препараттар тромбты іштен ерітіп, тамырдың өткізгіштігін жылдам қалпына келтіреді. «Бұл кешенді тәсіл өмірге қауіп төндіретін асқынулардың алдын алып, емдеу уақытын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді» дейді мамандар. Қазіргі уақытта науқас дәрігерлердің жіті бақылауында. Алғашқы клиникалық қорытынды процедурадан кейін 10-12 сағат ішінде шығарылмақ. Түркістан медицинасына мұндай инновациялық технологиялардың енуі аймақтағы медициналық көмек сапасының жаңа деңгейге көтерілгенін айқындайды. Бұл — тек бір адамның өмірін сақтап қалу емес, сонымен қатар жергілікті мамандардың әлемдік стандарттарға сай жұмыс істеуіне жасалған үлкен қадам.




