ЕЛІМІЗДІҢ ЖАЛПЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ РЕЗЕРВІ 129,5 МЛРД ДОЛЛАРҒА ЖЕТТІ

дегенмен трансфертке тәуелділік әлі де бар…

Үкіметтің кезекті отырысында халықаралық резервтердің жай-күйі белгілі болды. Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, еліміздің жалпы халықаралық резерві 129,5 млрд долларға жеткен. Бұл көрсеткіш сыртқы экономикалық қысымдарға қарамастан, қаржылық тұрақтылықтың сақталып отырғанын аңғартады.

Наурыз айының қорытындысы бойынша, Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері 2,7 пайызға ұлғайып, 67,2 млрд долларды құрады. Алтын бағасының әлемдік нарықтағы құбылмалылығы мен валюталық интервенциялар аясында бұл — айтарлықтай жақсы көрсеткіш. Резервтердің өсуі — теңге бағамының тұрақтылығын қамтамасыз етуге және сыртқы берешектерді өтеуге септігін тигізетін басты фактор. Алайда болашақ ұрпақтың еншісі саналатын Ұлттық қордың активтерінде аздаған кему байқалады. Есепті кезеңде қор активтері 2,5 пайызға азайып, 62,3 млрд доллар болды. Бұған басты себеп — бюджеттің бүйірін толтыру үшін алынған трансферттер.
Қордағы ақша айналымына келсек, бірінші тоқсанда қорға 184 млрд теңге түскен. Республикалық бюджетке 800 млрд теңге көлемінде трансферт берілген. Көріп отырғанымыздай, Ұлттық қорға түсетін түсімнен гөрі, одан алынатын қаржы көлемі бірнеше есе көп. Бұл мәселе сарапшылар арасында қорды үнемдеу қажеттілігі туралы пікірталастарды жиі тудырып жүргені белгілі. Жағымды жаңалықтардың бірі — Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жағдай. Жыл басынан бері халықтың жинақтары 2,6 пайызға өсіп, 25,8 трлн теңгені құрады. Ең маңыздысы, бұл өсім тек жарналар есебінен емес, тиімді басқарудың нәтижесінде де артып отыр. Ерұлан Жамаубаевтың дерегінше, инвестициялық табыс көлемі 271,4 млрд теңгеге жеткен. Бұл — зейнетақы жинақтарының инфляциядан қорғалуына жасалған нақты қадам.
Елдің қаржылық резерві — мемлекеттің экономикалық тәуелсіздігінің кепілі. 129,5 млрд долларлық қор тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік бергенімен, Ұлттық қордан алынатын трансферттердің артуы үнемшілдік саясатын күшейту қажеттігін тағы бір мәрте еске салып отыр.

«Уақыт».