МЕДИЦИНА МАМАНДАРЫНА ДЕГЕН ТАПШЫЛЫҚ ТӨМЕНДЕП КЕЛЕДІ

Соңғы жылдары денсаулық сақтау саласындағы түйткілді мәселенің бірі — кадр тапшылығы оң шешімін тауып, ақ халатты абзал жандардың мәртебесін көтеру бағытында кешенді бетбұрыстар байқалуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен қолға алынған әлеуметтік қолдау шаралары бүгінде өз жемісін бере бастады.

Денсаулық сақтау министрлігі таратқан соңғы деректер көңілге сенім ұялатады. Соңғы екі жылдың айналасында медицина мамандарының жетіспеушілігі 20 пайыздан астамға азайған. Атап айтқанда, дәрігерлер тапшылығы 20,4 пайызға, ал орта буын медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі 13 пайызға төмендеген. Сала бойынша ең көп толғандырған мәселе кадрлардың сыртқа ағылуы еді. Алайда жүйелі реформалардың нәтижесінде соңғы бес жылда ақ халаттылардың шетелге қоныс аударуы 5 есеге қысқарған. Мұндай нәтижеге қол жеткізуге бірнеше іргелі заңнамалық өзгерістер арқау болды. Соның ішінде дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру, оларға көрсетілетін зорлық-зомбылыққа қарсы жауапкершілікті күшейту және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары сала мамандарының ертеңгі күнге деген сенімін бекіте түскен.
Әсіресе, ауыл медицинасын аяғынан тік тұрғызуға бағытталған «Ауыл аманаты» мен арнайы әлеуметтік пакеттердің маңызы зор. Бүгінде тапшы мамандықтар бойынша ауылдық жерлерге ат басын бұрған жас мамандарға 100 ең төменгі жалақы, яғни шамамен 8,5 млн теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік төлем берілуде. Бұған қоса қызметтік тұрғын үй, көтерме жәрдемақы және коммуналдық шығындарды өтеу секілді қосымша жеңілдіктер дәрігердің еңсесін тіктеп, елге қызмет етуге деген құлшынысын арттырды. Сандарды сөйлетсек, 2023 жылмен салыстырғанда дәрігерлер тапшылығы 4863,75-тен 3869,5 штаттық бірлікке дейін төмендеген. Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды. Саладағы қызмет сапасын арттыру үшін ақ халаттылардың беделін биіктетіп, кәсіби білімін арттыру ісі ешқашан толастамауы, тоқтамауы тиіс.

С.НҰРАЙ.