ШЫМКЕНТТЕ ӨНЕРДІҢ ӨРІСІ КЕҢЕЙІП, МӘДЕНИЕТТІҢ МӘРТЕБЕСІ АРТАДЫ

келелі кеңесте
тағы нелер айтылды?
Оңтүстік – өнердің бесігі, берекенің есігі. Енді осы ұғымның мәні мен мағынасы тереңірек ашыла түспек. Шымкенттің шуақты күніндей жарқыраған мәдениетіміздің жаңа бір парағы ашылғалы тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен Шымкентте бой көтеретін жаңа Мәдениет және өнер университеті тек білім ордасы емес, ұлттық руханияттың жаңа алтын діңгегі болмақ.
Жуырда үшінші мегаполисте ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен алқалы жиын осы ауқымды істің әуезесін бастап берді. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен ғылым-білім саласының майталмандары қатысқан кеңесте шырайлы Шымкенттің келбетін өзгертіп, рухани тынысын кеңейтетін іргелі жобаның жай-жапсары талқыланды. Кез келген ірі істің бастауында үлкен парасат пен стратегиялық көрегендік жататыны хақ. Президенттің Шымкентке жұмыс сапары барысында берген тапсырмасы — «халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» мәдениет саласындағы нақты көрінісі. Бұл бастаманың өзектілігі де сонда, біз тек өткенді дәріптеп қана қоймай, болашақтың цифрлық әлеміне бейімделген, заманауи өнер майталмандарын тәрбиелеуді күн тәртібіне шығарып отырмыз.
Жаңа университет М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті Мәдениет және өнер факультетінің негізінде шаңырақ көтермек. Бұл — тамыры тереңде жатқан білімнің қара шаңырағының жаңа деңгейге көтерілуі, өнер атты ұлы көштің жаңа арнаға бұрылуы. Жоспарланған білім ордасының ауқымы да кең. Онда 6 факультет, 17 кафедра жұмыс істеп, бакалавриаттан докторантураға дейінгі 46 білім беру бағдарламасы бойынша шәкірт тәрбиеленбек. Бұл жерде баса назар аударарлық жайт – оқу орны тек дәстүрлі өнермен шектелмейді. Негізгі басымдық кино және телевидение, анимация, медиа-менеджмент, цифрлық дизайн сияқты заманауи сұранысқа ие салаларға берілмек. Бұл — қазақ киносы мен медиа саласына соны серпін деген сөз. Әсіресе, елімізде тұңғыш рет цирк өнері бойынша жоғары білімді мамандардың даярлана бастауы — төл мәдениетіміз үшін үлкен жаңалық. Сонымен қатар тарихтың шаңы басқан жәдігерлерімізді тірілтетін реставраторлардың даярлануы – өткенімізді түгендеу жолындағы батыл қадам.
Кеңес барысында тағы бір сүйінші хабар айтылды. Шымкентте еңселі Опера және балет театры бой көтереді. Қала әкімдігі бұл зәулім сарай үшін 2,8 гектар жер телімін бөліп қойған. Бүгінде миллион тұрғыны бар қалаға қызмет етіп жатқан, 1984 жылы салынған 330 орындық театр – бүгінгі заманның талабына, мегаполистің қарқынына тарлық ететіні белгілі. Ал жаңа жоба бойынша салынатын 1500 орындық театр – архитектуралық жауһар ғана емес, әлемдік деңгейдегі қойылымдар сахналанатын киелі ордаға айналмақ.
Бұл жобалардың Шымкент үшін маңызын айтып тауысу мүмкін емес. Азырақ тоқталсақ, мыңдаған жастың басқа өңірлерге немесе шетелге кетпей-ақ, өз туған жерінде білім алуына жол ашылады. Салтанатты театр мен өнер ордасы Шымкенттің туристік әлеуетін арттырып, қаланың имиджін «мәдениеттің бесігі» ретінде бекіте түседі. Оңтүстіктің дарынды жастары бір ортаға шоғырланып, креативті экономиканың өзегіне айналады.
Қорыта айтқанда, Аида Балаеваның төрағалығымен өткен кеңесте айтылған жоспарлар — тек қағаз бетіндегі жоба емес, ертеңгі күннің іргелі жетістіктері болмақ. Шымкенттің аспанында өнердің асқақ әні шырқалып, жаңа университеттен қанаттанған жас дарындар қазақ рухын асқақтата беретініне сеніміміз кәміл. Бұл — ұлттық мәдениеттің жаңа дәуірі, Шымқаланың шырайын ашатын шынайы жаңарудың бастауы. Мемлекеттің мәдениетке бөлген бұл ықыласы — елдіктің белгісі, егемендіктің жемісі. Ендеше өнер ордасының іргесі берік, болашағы жарқын болсын!
Қ.МОМЫНХАН.




