МҰНАЙ БАҒАСЫ ҚҰБЫЛЫП ТҰР

бұдан ел қазынасына пайда түсе ме?

Әлемдік нарықтағы «қара алтынның» бағасы соңғы уақытта құбылмалы күйге түсті. Бірде аспандап, бірде құлдилаған мұнай бағасынан Қазақстан қанша пайда көреді? Бұл сұраққа Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Мәжіліс кулуарында жауап беріп, жағдайдың мән-жайын түсіндірді.

Министрдің айтуынша, мұнайдан түсетін табыстың есебі біз ойлағаннан әлдеқайда күрделі. Мәселе бағаның бүгінгі көрсеткішінде емес, оның қашан бекітілетінінде болып тұр. «Егер танкерлер дәл қазір тиеліп жатса, әрине, біз оң динамиканы, яғни пайданы көреміз. Бірақ баға 20-30 күннен кейін барып бекітілсе, бүгінгі қымбатшылықтың әсері болмауы да мүмкін» дейді министр. Себебі мұнай бағасын белгілі бір күннің айналасында бекітетін арнайы ереже бар көрінеді. Қазіргі уақытта бюджетке қанша қосымша қаражат түсетінін дөп басып айту қиын. Өйткені мұнай — секунд сайын бағасы өзгеретін биржалық тауар. Сондықтан нақты цифрлар туралы сөйлеуге әлі ерте.
Министр әлемдік нарықтағы ахуалды да талдап берді. Парсы шығанағындағы мұнай инфрақұрылымына жасалған шабуылдар мен геосаяси қақтығыстар нарықтағы мұнай көлемін азайтып, бағаның жоғарылауына септігін тигізген. Бір кездері барреліне 119 долларға дейін шарықтаған мұнай, қазір 87 доллар маңында тұр. Алдағы уақытта баға 80 доллар деңгейінде тұрақтауы мүмкін деген болжам да жоқ емес. Ең бастысы, Парсы шығанағы мен Америкадағы бензин бағасының қымбаттауы Қазақстанның ішкі нарығына салқынын тигізбейді. «Мұның бәрін жаңалықтардан оқып, көріп отырмыз. Бірақ Қазақстанға бұл жағдайдың тікелей әсері жоқ» деп түйіндеді Ерлан Ақкенженов. Демек әлемдік дүрбелеңнен біздің жанармай бекеттеріндегі баға өзгермейді, ал бюджетке түсер пайда уақыт еншісінде.

Ж.БАЛАУСА.