ШАРДАРА АУДАНЫНДА ӨНДІРІС КӨЛЕМІ АРТЫП КЕЛЕДІ

Шардара ауданы соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша тұрақты өсімге қол жеткізіп отыр. Өткен жылы аудан экономикасына негізгі капиталға 56,6 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш өңірдің өндірістік және кәсіпкерлік әлеуетінің артып келе жатқанын аңғартады.

Жеке кәсіпкерлердің белсенділігі де жоғары деңгейде сақталған. 2025 жылы олардың есебінен жалпы құны 14,9 миллиард теңгені құрайтын 6 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 145 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал биыл жеке инвестициялар көлемі 3,4 миллиард теңгеге жетіп, 5 жаңа жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, «SER-KUN» балық кептіру цехы, «Медина» жеке кәсіпкерлігі аясында ет өнімдерін терең өңдеу және мал бордақылау бағытындағы кәсіпорындар ашылмақ. Бұл жобалар ауданның агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жергілікті тұрғындарды тұрақты табыспен қамтуға мүмкіндік береді. Өнеркәсіп саласында да оң динамика қалыптасқан. Өткен жылы ауданда 26,2 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген. Негізгі үлесті балық өңдеу, мақта және күріш өңдеу, сондай-ақ электр энергиясын өндіру салалары құрайды. Ауданның табиғи және географиялық ерекшеліктері ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін қатар дамытуға қолайлы жағдай жасап отыр.
Ауыл шаруашылығы саласы – Шардара экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Былтыр 58 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, жалпы көлемі 73,4 миллиард теңгенің өнімі жиналған. Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары қарқын алған. Шаруалар 6 070,1 гектар алқапқа заманауи суару жүйелерін орнатқан. Оның ішінде 5 990,1 гектарға тамшылатып суғару, 80 гектарға жаңбырлатып суғару технологиясы енгізілген. Бұл әдістер су ресурстарын тиімді пайдаланып қана қоймай, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Тұрғын үй құрылысы бағытында да ілгерілеу бар. Өткен жылы ауданда 55,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Сонымен қатар 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, қазіргі таңда ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бастамалар халықты баспанамен қамту көрсеткішін жақсартуға ықпал етуде.
Жұмыспен қамту саласында мемлекеттік бағдарламалар аясында нақты нәтижелерге қол жеткізілген. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы есепті кезеңде 5 411 азамат жұмысқа орналасқан. Бұған қоса Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орнын ашу» тапсырмасы шеңберінде 1 161 жаңа жұмыс орны құрылған. Бұл аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Аудандағы 22 елді мекеннің 20-сы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Ал Бозай және Бимырза елді мекендерінде халық санының аздығы мен шалғай орналасуына байланысты тұрғындармен арнайы келісім хаттамалары түзілген. Табиғи газбен қамту деңгейі 98 пайызға жетіп отыр. Сонымен қатар «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 15 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 91,6 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш ауданның көлік инфрақұрылымының сапасы артып келе жатқанын көрсетеді.
Жалпы алғанда, Шардара ауданында инвестиция тарту, өндіріс көлемін ұлғайту, ауыл шаруашылығын жаңғырту және инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар кешенді түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл өңірдің тұрақты экономикалық дамуына және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға негіз қалайды.