ПОЛИЭТИЛЕН ҚАПТАМА МЕН СКОТЧ ӨНДІРЕТІН ЖАҢА ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Түркістан қаласында өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытында тағы бір маңызды жоба жүзеге асты. Полиэтилен қаптама өнімдері мен скотч шығаратын «QazEcoPack» ЖШС-ның жаңа өндіріс желісі іске қосылып, алғашқы өнімдер шығарыла бастады. Кәсіпорынның ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, өндіріс орны ұжымын құттықтады.
Аймақ басшысы өз сөзінде қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, нақты секторды күшейту және жаңа жұмыс орындарын ашу жөнінде нақты міндеттер жүктегенін атап өтті. Облыста осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатқанын жеткізген әкім жаңа зауыттың іске қосылуы өңір экономикасына тың серпін беретінін айтты. Кәсіпорын «TURAN» арнайы экономикалық аймағы аумағында орналасқан. Аймақ басшысы әрбір өндіріс орны мен инвестициялық жобаның өңір үшін маңызды екенін атап өтіп, «QazEcoPack» жобасы әлеуметтік-экономикалық дамуға оң әсер етіп, отандық өнім көлемін арттыруға және халықтың әл-ауқатын көтеруге ықпал ететінін жеткізді. Сондай-ақ жобаны жүзеге асырған кәсіпкер Думан Халмет пен ұжымға табыс тіледі.
Зауыттың құрылтайшысы әрі директоры Думан Халмет инвестициялық жобаны жүзеге асыру барысында көрсетілген қолдау үшін облыс әкімдігіне алғыс білдіріп, арнайы экономикалық аймақтың ұсынған мүмкіндіктері өндірісті жолға қоюға үлкен көмек болғанын айтты. Компания бастапқы және қайта өңделген шикізат негізінде полиэтилен қаптама өнімдерін шығаруға бағытталған жобаны кезең-кезеңімен іске асыруда. Кәсіпорын ішкі нарықты сапалы өніммен қамтып, импорт көлемін азайтуға және қайта өңдеу үлесін арттыруға үлес қосуды көздейді. Жоба үш кезеңнен тұрады. Алғашқы кезең аясында скотч шығаратын өндіріс желісі іске қосылды. Бұл желі жылына 1 500 000 дана скотч өндіруге қауқарлы. Өнімдер Қазақстан нарығымен қатар ТМД елдеріне экспортталмақ.
Екінші кезең 2026 жылдың желтоқсанында жүзеге асырылуы жоспарланған. Онда жылына 350 000 келі стрейч-пленка және 80 000 дана ауа-көпіршікті пленка шығару көзделіп отыр. Ал үшінші кезең 2027 жылы іске асырылып, жылына 500 000 келі полиэтилен өнімдерін өндіру жоспарланған. Жобаның жалпы құны 1,21 миллиард теңгені құрайды. Қазіргі таңда 1440 шаршы метр аумақтағы өндірістік ғимарат пайдалануға беріліп, жұмыс басталып кетті. Ал алдағы уақытта қосымша 5 760 шаршы метр аумақта тағы төрт өндірістік ғимарат салу жоспарланған.
Кәсіпорынның іске қосылуы өңірде жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік берді. Бірінші кезеңде 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Келесі кезеңдерде қосымша жұмыс орындары құрылып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту көрсеткіші арта түседі деп күтілуде. Жалпы, жаңа өндіріс орнының ашылуы Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібін дамыту, импортқа тәуелділікті азайту және инвестициялық белсенділікті арттыру бағытындағы жұмыстардың нақты нәтижесін көрсетеді.




