ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ СУ ҚОЙМАЛАРЫНЫҢ ТОЛУ ДЕҢГЕЙІ 71 ПАЙЫЗҒА ЖЕТТІ

Түркістан облысында су шаруашылығы нысандарының қазіргі ахуалы мен көктемгі маусымға дайындық барысы лездемелік мәжілісте талқыланды. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өткізіп, жетекшілік ететін салалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың орындалу барысын саралады.

Жиында алдағы бір айдан кейін жылдың алғашқы маусымы қорытындыланатыны атап өтілді. Осыған байланысты әр басқарма басшыларына бекітілген индикаторлардың орындалуын қамтамасыз ету, жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу және берілген тапсырмалардың сапалы жүзеге асырылуы жөнінде нақты сұрақтар қойылды. Басшылар өз салалары бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, алдағы кезеңге арналған жоспарларын таныстырды. Өңірдегі су шаруашылығы жүйесі ауқымды инфрақұрылымды қамтиды. Бүгінде облыс аумағында жалпы ұзындығы 12 731 шақырымды құрайтын 4 180 канал жұмыс істейді. Сонымен қатар сыйымдылығы 8,7 миллиард текше метр болатын 42 су қоймасы бар. Бұдан бөлек, 5 712 шақырымға созылған 1 256 қашыртқы және 1 794 ұңғыма тіркелген. Қазіргі таңда су қоймаларының орташа толу деңгейі 71 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіш вегетациялық кезең қарсаңында шаруалар үшін маңызды мәнге ие.
Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында шаруашылықтарды су үнемдеу технологияларына көшіру жұмыстары жалғасуда. Аудан және қала әкімдіктерімен бірлесіп, диқандармен тұрақты кездесулер ұйымдастырылып, түсіндіру шаралары жүргізілуде. Су тапшылығының алдын алу және өнімділікті арттыру бағытында заманауи әдістерді енгізу — негізгі басымдықтардың бірі. Мәжілісте ветеринария саласындағы өзекті мәселелер де назардан тыс қалмады. Энзоотиялық ауруларға қарсы залалсыздандырудың бірінші кезеңі наурыз айында басталмақ. Жоспарға сәйкес, биыл 31,4 миллион шаршы метр мал иірімдері мен суат аумақтарын, сондай-ақ 92,6 миллион шаршы метр үйіргелік және сыртқы қоражайларды залалсыздандыру көзделіп отыр. Сонымен бірге 3,2 миллион бас ірі қараны бүрку және 9,9 миллион бас ұсақ малды тоғыту жұмыстары жүргізіледі.
Жиын қорытындысында облыс әкімінің орынбасары жауапты басқармаларға нақты міндеттер жүктеп, белгіленген жоспарлардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Әр сала бойынша көрсеткіштерді жүйелі түрде саралап, туындаған мәселелерді жедел шешу қажеттігі атап өтілді. Жалпы, өңірде су ресурстарын басқару мен ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кешенді түрде жүргізіліп келеді. Су қоймаларының толу деңгейінің 71 пайызға жетуі – көктемгі егіс науқаны алдында маңызды көрсеткіштердің бірі. Ал ветеринариялық алдын алу шаралары ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына негіз болмақ.