МӘНЕРЛЕП СЫРҒАНАУДАН ҚР КУБОГЫНЫҢ І КЕЗЕҢІ АЯҚТАЛДЫ

Шымкент қаласындағы Мұз сарайы спорт кешенінде конькимен мәнерлеп сырғанаудан жастар және ересектер арасындағы Қазақстан Республикасы Кубогының І кезеңі өз мәресіне жетті. Жарысқа Астана, Алматы, Шымкент қалалары және Алматы, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан өңірлерінен барлығы 10 команда қатысып, 60 спортшы өз шеберліктерін сынады.

Шымкент қаласының намысын қорғаған 10 спортшы жарыс барысында қысқа және еркін бағдарлама бойынша өнер көрсетіп, техникалық деңгейлері мен көркемдік шеберліктерін дәлелдеді. Жарыстың бас төрешісі – Айгүл Қуанышева, бас хатшысы – Жансая Адиханова болды. Төрт күнге созылған турнирде әртүрлі спорттық санаттар бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Шымкенттік спортшылар да жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болды. Тарқатсақ, Алика Халимова І орынды, ал Кенан Бердибаев ІІІ орынды жеңіп алды. Турнир жас спортшыларға тәжірибе жинақтап, ұлттық құраманың резервін қалыптастыруға үлкен мүмкіндік берді.
Қазақстан Республикасының Кубогы кезеңдерінің жалғасы спортшылардың шеберлігін шыңдап, елдің конькимен мәнерлеп сырғанау бойынша болашақ чемпиондарын анықтауға зор ықпал етеді. Бұл турнирдің нәтижелері Қазақстанның спорт саласындағы дамуын әрі қарай ілгерілетуде маңызды рөл атқарады.