СОЗАҚТА ЖАҢА ЗАМАНАУИ КІТАПХАНА АШЫЛДЫ

Түркістан облысында мәдениет пен руханият саласын дамыту, ауылдық жерлерде мәдени инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстар соңғы жылдары ерекше қарқын алып келеді. Елді мекендерде мәдениет үйлері мен кітапханалар салу, халыққа қолжетімді рухани орталықтар ашу — өңірдің әлеуметтік дамуының маңызды бөлігіне айналды. Осындай игі бастамалардың бірі Созақ ауданының орталығы — Шолаққорған ауылында жүзеге асып, жаңа кітапхана ғимараты ел игілігіне табысталды.
Бұл нысан аудан тұрғындары үшін үлкен мәдени жаңалық қана емес, рухани өмірдің жаңа тынысын ашатын маңызды орталық ретінде бағаланып отыр. Жаңа кітапхананың ашылу салтанаты аудан үшін ерекше мәні бар тарихи күнге айналды. Заманауи үлгіде бой көтерген рухани орталықтың ашылуына аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, облыстық мәслихат депутаты Бегімбет Байғараев, аудан ардагерлері, ақ жаулықты әжелер мен ауыл тұрғындары қатысты. Бұл — кітапхананың тек мәдени мекеме ғана емес, аудан жұртшылығының ортақ қуанышы екенін көрсетеді.
Салтанатты жиында аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы жиналған қауымды жаңа рухани орталықтың ашылуымен құттықтап, кітапхананың қоғамдағы орны туралы мазмұнды ой қозғады. Оның айтуынша, бұл күн Созақ жұртшылығы үшін тағылымы терең әрі тарихи мәні зор сәт. Өз сөзінде «Бүгін — тек бір ғимараттың пайдалануға берілуі емес, бұл — руханиятқа, білімге, болашаққа бағытталған игі қадам. Созақ аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мәдени-ағарту саласының алтын діңгектерінің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайда кітапханалардың қоғамдағы рөліне ерекше тоқталып, оларды ұлттың зияткерлік әлеуетін қалыптастыратын маңызды мәдени-білім орталығы ретінде дамыту қажеттігін атап өтті. Осындай мәдени ошақтарымыз көбейіп, жас ұрпақтың кітапқа деген сүйіспеншілігі арта берсін» деді аудан әкімі.
Бұл сөздер кітапхананың мәнін тереңдете түсіп, оның ел болашағы үшін стратегиялық маңызын айқындайды. Шынында да, кітапхана — тек кітап сақтайтын орын емес, ол — ұлттың санасын жаңғыртатын, білім мен мәдениеттің алтын қазығы. Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов те сөз сөйлеп, жаңа кітапхана ғимаратының ашылуын аудан тұрғындары үшін үлкен рухани олжа екенін атап өтті. Ардагерлердің батасы мен ақ тілегі бұл мәдени нысанның елге қызмет ету жолында берік негіз болатыны сөзсіз. Салтанатты рәсім аяқталған соң тұрғындар жаңа ғимаратты аралап, көрсетілетін қызмет түрлерімен танысты. Оқырмандарға жасалған жағдайды көріп, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді. Бұл — халықтың мәдениетке, кітапқа деген сұранысы жоғары екенін көрсететін маңызды белгі.
Айта кету керек, жаңа кітапхананың кітап қоры — 500 мыңға жуық. Бұл аудандық деңгейдегі кітапхана үшін өте үлкен көрсеткіш. Мұндағы бай қор оқырмандардың әртүрлі сұранысын қанағаттандырып, білім іздеген жастарға кең мүмкіндік береді. Кітапхана заман талабына сай толық жабдықталып, оқырмандар үшін қолайлы жағдай жасалған. Мұнда жастардың еркін білім алуына, ізденуіне, шығармашылықпен айналысуына толық мүмкіндік бар. Жаңа кітапхана тек кітап оқитын орын ғана емес, мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізетін орталық ретінде де қарастырылған. Мұнда түрлі кездесулер, әдеби кештер, танымдық жобалар ұйымдастыруға арналған кеңістіктер қарастырылып, ауыл тұрғындарының рухани өмірін жандандыруға бағытталған жұмыстар жүргізілмек.
Ғимараттың инфрақұрылымдық ерекшелігі де назар аударарлық. Құрылыс алаңының жалпы аумағы — 2 536 шаршы метр, ал ғимараттың өзі 496 шаршы метрді құрайды. Жоба аясында асфальтталған жолдар, көгалдандыру жұмыстары, жасыл аймақтар мен жарықтандыру жүйелері толық қамтылған. Сонымен қатар кіреберіс алаң мен автотұрақ орындары қарастырылған. Ғимарат климаттық және сейсмикалық талаптарға сай салынғаны да оның қауіпсіз әрі ұзақ мерзім қызмет етуіне негіз болады. Кітапхананың ішкі құрылымы да заман талабына сай жоспарланған. Төменгі қабатта кітап сақтауға арналған қоймалар орналасса, бірінші қабатта акт залы, оқу залы, құжаттарды өңдеу және жинақтау бөлімі, абонемент және қызметкерлер кабинеттері бар. Бұл бөлімдер кітапхананың негізгі қызметін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Ал екінші қабатта оқу және мәжіліс залдары, абонемент, оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі, ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету, кітапхананы дамыту бөлімі, сондай-ақ тілдерді оқыту және дамыту орталығы жұмыс істейді. Бұл — кітапхананың тек кітап беру орны ғана емес, жан-жақты білім мен мәдениетті дамытатын көпфункционалды орталық екенін көрсетеді. Жалпы алғанда, Шолаққорған ауылында ашылған жаңа кітапхана — Түркістан облысында мәдениет пен руханият саласын дамытуға бағытталған маңызды қадам. Бұл нысан ауыл тұрғындарының білімге қолжетімділігін арттырып, жастардың кітапқа деген қызығушылығын күшейтіп, ауданның мәдени өміріне жаңа серпін береді. Мұндай рухани орталықтардың көбеюі елдің зияткерлік әлеуетін нығайтып, қоғамның мәдени деңгейін көтеруге қызмет ететіні сөзсіз.




