ЖЕТІСАЙДА ЖЕРДІ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛУДЕ

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласы соңғы жылдары қарқынды дамып, өңір экономикасының негізгі тіректерінің біріне айналып келеді. Әсіресе, ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бастамалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, аудан, ауыл деңгейінде нақты бақылауға алынған. Соның бір дәлелі ретінде Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов ауылдық округтердегі үйіргелік жерлер мен жылыжай шаруашылықтарының жай-күйімен арнайы танысып, бірқатар өндіріс орындарын аралады.

Аудан басшысы қырыққабат көшеттерін өндіруші және құлпынай өсірумен айналысатын жылыжайларға барып, атқарылып жатқан жұмыстарды көзбен көрді. Шаруалармен сұхбаттасып, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Мұндай кездесулер ауылдағы нақты жағдайды бағамдап, өнім өндіру көлемін арттыруға қажетті қолдау шараларын белгілеуге мүмкіндік береді. Жетісай ауданында жалпы егістік жер көлемі 79 215,7 гектарды құрайды. Оның ішінде 3 033,983 гектары үйіргелік жерлер санатына жатады. Бұл жерлер ауыл тұрғындарының жеке шаруашылығын жүргізіп, өнім өндіріп, табыс табуына үлкен мүмкіндік береді. Қазіргі таңда аталған аумақтың 2 624,8 гектары өнім өндіру мақсатында тиімді пайдаланылып отыр. Сонымен қатар 312,467 гектар жерге көпжылдық екпелер егілген.
Үйіргелік жерлердің бір бөлігінде көкөніс пен жеміс-жидек өсіру жұмыстары қолға алынған. Атап айтқанда, 31,1 гектар алқапқа қырыққабат отырғызылса, 0,11 гектар жерге таңқурай, құлпынай және қарақат жемістері егілген. Бұл көрсеткіштер әзірге шағын болғанымен, ауыл шаруашылығының әртараптанып, жаңа бағыттарға бет бұрып жатқанын білдіреді. Үйіргелік жерлерде өндірілген өнімдер негізінен жергілікті базарлар мен дүкен сөрелеріне шығарылып, тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуге өз үлесін қосуда. Бұл ауыл халқы үшін қосымша табыс көзі ғана емес, сонымен бірге өңірдің азық-түлік қорын толықтыруға ықпал ететін маңызды фактор. Осындай шаруашылықтардың дамуы ауылдағы өзін-өзі жұмыспен қамту деңгейін көтеріп, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндік береді.
Шаруалармен кездесу барысында аудан әкімі Серік Мамытов үйіргелік жерлерді тиімді пайдалану ауыл экономикасын дамытудың маңызды тетігі екенін атап өтті. Ол сала мамандарына тұрғындарға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды. Сонымен қатар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан нақты қолдау шараларын түсіндіріп өтті. Атап айтқанда, үйіргелік жерге дақыл егіп, жылыжай шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие қарастырылған.
Бұл бағдарлама ауыл тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік болып отыр. Төмен пайыздық несие арқылы шаруалар жылыжай салып, көшет өндіруді кеңейтіп, өнім көлемін арттыра алады. Мұндай қолдау ауылдағы кәсіпкерлікті дамытып, тұрғындардың тұрмыс деңгейін көтеруге бағытталған тиімді құрал ретінде бағалануда. Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес жауапты бөлім басшыларына жылыжай шаруашылығын дамыту, көшет өндіру көлемін ұлғайту және өнім өндірушілерге агротехникалық кеңес беру жұмыстарын күшейту жөнінде нақты міндеттер жүктелді. Бұл ауыл шаруашылығын ғылыми негізде дамытуға, өнім сапасын арттыруға және жаңа технологияларды енгізуге жол ашады.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында ауыл шаруашылығының дамуы, әсіресе үйіргелік жерлер мен жылыжай шаруашылықтарының кеңеюі өңір экономикасына тың серпін беруде. Бұл бастамалар ауыл тұрғындарының табысын арттырып, азық-түлік өндірісін ұлғайтуға және ауыл өмірінің сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып отыр. Алдағы уақытта мұндай жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, Түркістан өңірі аграрлық әлеуеті жоғары аймақ ретінде одан әрі дами түсетіні сөзсіз.