ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРГЕ ЖОЛ АШУДА

Түркістан облысында жасанды интеллект пен цифрландыру саласын дамыту бағытындағы жұмыстар соңғы жылдары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Әсіресе, 2026 жылдың Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануына байланысты өңірде бұл бағыттағы бастамалар жаңа қарқын алып отыр. Қазіргі таңда жасанды интеллект технологиялары білім беру, қауіпсіздік, инфрақұрылым және денсаулық сақтау салаларын қамтып, мемлекеттік басқарудың негізгі құралдарының біріне айналуда. Президент тапсырмалары аясында цифрлық шешімдерді енгізу арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беру көзделген.

Облыста цифрлық трансформацияның маңызды бағыттарының бірі — IT мамандарын даярлау. Осы мақсатта халықаралық талаптарға сай ашылған «Woosong University Kazakhstan» IT университеті болашақ цифрлық дәуірдің кадрларын тәрбиелеуде. Қазіргі таңда мұнда «Жасанды интеллект және үлкен деректерді талдау» және «Бағдарламалық қамтамасыз ету» бағыттары бойынша 100-ден астам студент білім алып жатыр. Университеттің ғылыми және технологиялық әлеуетін ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, білім беру және денсаулық сақтау салаларына енгізу жоспарланып отыр. Бұл өңір экономикасының цифрлық дамуына тың серпін бермек. Жастарды қолдауға ірі компаниялардың тартылуы да ерекше назар аудартады. «Қазақтелеком» АҚ, «Транстелеком» АҚ және «Freedom Holding» корпорациялары студенттерге грант бөліп, оқу аяқталғаннан кейін жұмысқа орналастыру мүмкіндігін қарастыруда. Бұл қадам жастардың IT саласына қызығушылығын арттырып қана қоймай, еңбек нарығында білікті кадр тапшылығын азайтуға бағытталған маңызды қолдау шарасы болып отыр.
Денсаулық сақтау саласында цифрлық технологияларды енгізу арқылы медициналық қызмет сапасын арттыру жоспарланған. 2026 жылы радиологиялық зерттеулерді орталықтандыру жобасын іске қосу көзделуде. PACS жүйесі арқылы өкпе, сүт безі обыры және өзге де ауруларды ерте анықтау мүмкіндігі артып, диагностика сапасы жақсарады. Бұл — жасанды интеллекттің медицина саласындағы әлеуетін тиімді пайдаланудың айқын көрінісі. Ерте диагностика тұрғындардың өмірін сақтап қалуға және ауруларды бастапқы кезеңде емдеуге мүмкіндік береді. Қауіпсіздік саласында да цифрландырудың мүмкіндіктері кеңейтілуде. «Таза Қазақстан» акциясы аясында облыс әкімдігінде орналасқан Ахуалдық орталықтың жұмысы күшейтіліп жатыр. Бейнебақылау камераларының саны артып, алдағы уақытта жасанды интеллект арқылы қоғамдық тәртіпті бұзу, қоқыс тастау және тыйым салынған заттарды алып жүру деректері автоматты түрде анықталып, полиция органдарына жедел жолданатын болады. Бұл қоғамдық тәртіпті сақтауға және қала қауіпсіздігін арттыруға бағытталған тиімді құралға айналмақ.
Инфрақұрылым саласында да заманауи цифрлық жүйелер енгізіліп отыр. Кентау қаласындағы Оранғай су тазарту станциясына су жеткізу жүйесі толықтай SCADA автоматтандырылған жүйесі арқылы бақылануда. Бұл жүйе су қысымы мен шығын көлемін нақты уақыт режимінде бақылап, ақаулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары жақсарып, инфрақұрылымның тиімділігі артады. Өңірдегі IT-экожүйені дамытуда «Turkistan Hub» аймақтық IT-хабы маңызды рөл атқаруда. Ашылғаннан бері хабта 3500-ден астам оқушы мен студенттің қатысуымен 225-тен астам іс-шара өткізілді. Бұл жастарды цифрлық технологияларға баулып, жаңа стартап жобаларды дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қожа Ахмет Яссауи атындағы ХҚТУ-мен бірлескен «YASAWI STARTUP» инкубациялық бағдарламасы аясында бірқатар жобалар дайын өнім деңгейіне жетіп, нарыққа шығуға жақындады. Бұл өңірде инновациялық кәсіпкерліктің дамып келе жатқанын көрсетеді.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында жасанды интеллект пен цифрландыру бағытындағы жұмыстар нақты жобалар арқылы жүзеге асырылып, өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталуда. Білім беру жүйесіндегі жаңа IT университеті, медицинадағы цифрлық диагностика, қауіпсіздік саласындағы интеллектуалды бақылау жүйелері және инфрақұрылымдағы автоматтандыру — мұның барлығы аймақтың технологиялық дамуына негіз қалайды. Алдағы жылдары бұл бастамалар Түркістан облысын еліміздегі цифрлық инновациялар орталықтарының біріне айналдыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз.