«ДАРБАЗА – МАҚТААРАЛ» ТЕМІРЖОЛ ЖЕЛІСІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Түркістан облысында өңірдің транзиттік әлеуетін күшейтіп, әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін ауқымды инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Стратегиялық маңызы бар «Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісінің құрылысы» жобасы бүгінде қарқынды түрде іске асуда. Бұл теміржол бағытын толық іске қосу 2026 жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Жоба өңірдегі көлік логистикасын жаңа деңгейге көтеріп, халықаралық транзиттік тасымалдарды дамытуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда құрылыс алаңындағы жұмыстардың барысы қатаң бақылауға алынған. Жобаны «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының тапсырысымен «Integra Construction KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақытылы орындалуы өңір үшін аса маңызды болғандықтан, облыс басшылығы тарапынан ерекше назар аударылып отыр. Осыған байланысты Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ-ның құрылыс жөніндегі басқарушы директоры Марат Исқалиевпен және жобаны жүзеге асырушы мердігер ұйым өкілдерімен арнайы кездесу өткізді. Кездесу барысында жобаның қазіргі жай-күйі, құрылыс барысындағы өзекті мәселелер және оларды шешу жолдары жан-жақты талқыланды.
Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға құрылыс жұмыстарын жеделдету және барлық тапсырмаларды белгіленген мерзімде әрі сапалы орындауды қатаң тапсырды. Әкімнің айтуынша, бұл жоба Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайдың V отырысында «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтау жөнінде нақты тапсырма берген. Сондықтан барлық жауапты мекемелер мен мердігер ұйымдар жұмысты жеделдетіп, белгіленген мерзімде толық аяқтауы қажет. Бұл — өңірдің транзиттік әлеуетін арттырып, экономикалық дамуына серпін беретін маңызды жоба. Сонымен қатар аудандардағы станциялардың сәулетін қайта қарап, шығыс үлгісінде ұсынуды тапсырамын» деді Нұралхан Көшеров.
Жиында «ҚТЖ» ҰК АҚ құрылыс жөніндегі басқарушы директоры Марат Исқалиев теміржол желісінің құрылысы туралы баяндама жасап, жұмыс барысының қарқынды жүріп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі уақытта жер қазу жұмыстарының жалпы көлемі 9,1 миллион текше метрді құрап отыр. Сонымен қатар 19,8 шақырымға рельсті шпал торы төселген. Бұдан бөлек, көпірлер мен өткелдер салу, су құбырларын жүргізу, жасанды құрылымдарды монтаждау жұмыстары да қатар атқарылуда. Құрылыс жұмыстарына 560-ден астам адам мен 400-ге жуық арнайы техника жұмылдырылған. Бұл жобаның ауқымдылығы мен жауапкершілік деңгейін көрсетеді.
Жаңа теміржол желісінің жалпы ұзындығы 172 шақырымды құрайды. Бұл бағыт іске қосылған жағдайда өңірдің көлік қатынасы айтарлықтай жақсарады. Ең бастысы, жаңа желі «Сарыағаш» өткізу пунктінің жүктемесін азайтып, транзиттік ағымдарды оңтайландыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл теміржол бағыты Түркістан облысының бірнеше ауданын өзара байланыстырады. Атап айтқанда, Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарының арасындағы қатынас жеңілдеп, экономикалық байланыстар күшейеді. Жоба іске асқан соң магистральдық көлік, кедендік және шекаралық инфрақұрылымның даму деңгейі де жоғарылай түседі.
Теміржол желісінің өңір үшін маңызы тек көлік қатынасымен шектелмейді. Бұл жоба Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, жаңа өндіріс орындарының ашылуына, қосымша жұмыс орындарының құрылуына ықпал етеді. Логистикалық мүмкіндіктер кеңейген сайын өңірдің инвестициялық тартымдылығы артып, кәсіпкерлікке жаңа мүмкіндік туады. Жобаның негізгі мақсаты — «Дарбаза — Мақтаарал» жаңа теміржол желісі арқылы жүк және жолаушылар тасымалының көлемін арттыру, транзиттік тасымалдарды ашу, жаңа бағыттарды іске қосу. Сонымен қатар Түркістан — Шымкент — Ташкент учаскесіндегі өткізу қабілетін тәулігіне 35 жұп поезға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш еліміздің көлік-логистикалық жүйесін дамытуда маңызды рөл атқарады.
Кездесу барысында облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген, сондай-ақ Сарыағаш, Келес, Мақтаарал және Жетісай аудандарының әкімдері жобаны қысқа мерзімде жүзеге асыру үшін қажетті жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына алу рәсімдері және жер сатып алу жұмыстары туралы ақпарат берді. Бұл — мәселе де жобаның уақытылы аяқталуына тікелей әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Айта кету керек, Түркістан облысында бұл жоба Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Жобаға 2025 жылдың соңында мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Бұл оның заңнамалық және техникалық тұрғыда толық негізделгенін көрсетеді.
Жалпы алғанда, «Дарбаза — Мақтаарал» теміржол желісі — Түркістан облысы үшін ғана емес, тұтас Қазақстан үшін маңызды стратегиялық жоба. Ол өңірдің транзиттік әлеуетін күшейтіп, көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, экономиканы дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Жоба толық іске қосылған кезде Түркістан облысы халықаралық көлік дәліздеріндегі маңызды тораптардың біріне айналып, елдің логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтетіні сөзсіз.




