ЕЛ МҮДДЕСІ ЖОЛЫНДАҒЫ ЕҢБЕК

Әлия Жүсіпова үшін мандат мәртебе емес, маңызды міндет…

Халық қалаулысы атану – маңызды міндет. Бұқараның талап-тілегін тыңдап, арыз-өтінішіне құлақ асу, сонымен қатар жергілікті атқарушы билік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды терең түрде талдай білудің оңай шаруа емесі анық. Әйтсе де жиған тәжірибесі һәм білімімен белгілі биіктерге жеткен, әлеуметтің алғысын арқалап жатқан азаматтар жоқ дей алмаймыз. Бүгінгі материалымызда солардың бірі турасында тарқата баяндамақпыз…

Әлия Мақсұтқызы Жүсіпова — бүгінгі күні Шымкент қаласы мәслихатының депутаты ретінде ел мүддесіне жүйелі әрі мазмұнды қызмет етіп жүрген жандардың бірі. Ол депутаттық қызметті формальды қызмет немесе мәртебе ретінде емес, қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік, халық сенімін ақтайтын нақты жұмыс алаңы деп түсінетінін алға тартады. Осы ұстаным оның күнделікті қызметінен, бастамаларынан және тұрғындармен қарым-қатынасынан айқын көрінеді. Бұл жанның депутат ретіндегі негізгі ұстанымы – тұрғындардың нақты мәселесін тыңдау және сол мәселелердің шешілуіне ықпал ету. Ол сайлаушылармен тұрақты кездесулер өткізіп, азаматтардың әлеуметтік, тұрмыстық, білім беру, спорт және жастар саясатына қатысты ұсыныс-пікірлерін назардан тыс қалдырмайды. Әсіресе, әлеуметтік әлсіз топтардың, көпбалалы отбасылардың, балалар мен жасөспірімдердің мәселесіне ерекше мән береді.
Депутат ретінде әрбір көтерілген мәселені тиісті сала мамандарымен, мемлекеттік органдармен бірлесе отырып қарастыруға тырысады. Бұл оның популистік ұрандардан гөрі нақты нәтиже мен жүйелі шешімді маңызды санайтынын көрсетеді. Тұрғындардың өтініштері бойынша тек хат жолдаумен шектелмей, орындалу барысын бақылауда ұстауы — оның жауапкершілігі жоғары депутат екенін дәлелдейді. Әлия Мақсұтқызы депутаттық қызметінде әлеуметтік және идеологиялық бағыттағы жұмыстарға айрықша көңіл бөледі. Ол қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыруды, жастарды тәртіпке, еңбекқорлыққа және отансүйгіштікке тәрбиелеуді маңызды міндеттердің бірі деп санайды. Бұл бағыттағы көзқарасы оның өмірлік тәжірибесі мен кәсіби жолынан бастау алып жатыр десек, артық айтпаған болар едік. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спорттық және тәрбиелік жобаларды қолдау, жасөспірімдер арасындағы жағымсыз құбылыстардың алдын алу — депутат көтеріп жүрген өзекті мәселелердің қатарында. Ол бұл бағытта тек ұсыныс айтумен шектелмей, нақты жобалар мен бастамаларды қолдап, олардың іске асуына атсалысады.
Іскер жан екенін де айрықша айта кеткеніміз абзал. Басшылық және ұйымдастырушылық тәжірибесі бар депутат кез келген мәселені эмоциямен емес, нақты есеп пен жүйелі талдау арқылы тарқатады. Ол бюджеттік қаражаттың тиімді жұмсалуына, әлеуметтік жобалардың формальды емес, нақты пайда әкелуіне мән береді. Қалалық мәслихаттағы жұмыс барысында ол ұсыныстарын нақты дәлелдермен, саладағы тәжірибеге сүйене отырып білдіреді. Бұл әріптестері арасында да оның пікірінің салмақты болуына ықпал етеді. Әлия Мақсұтқызы үшін депутаттық қызмет – уақытша міндет емес, ұзақ мерзімді жауапкершілік.
Халық қалаулысының тағы бір қыры – ашық диалогқа дайын болуы. Ол тұрғындармен ресми қабылдауларда ғана емес, күнделікті кездесулерде де пікір алмасып, халықтың көңіл-күйін, өзекті мәселелерін жіті бақылап отырады. Бұдан бөлек, «AMANAT» партиясының мүшесі ретінде партиялық жобалар мен қоғамдық-саяси бастамаларға белсенді қатысады. Қоғамдық және идеологиялық дамуға қосқан үлесі үшін «AMANAT» партиясының «Белсенді қызметі үшін» медалімен марапатталуы — оның депутаттық еңбегіне берілген нақты баға.
Қорыта айтсақ, Әлия Жүсіпова — депутаттық қызметті өмірлік миссия ретінде қабылдаған, іскерлігі мен тәжірибесін халық игілігіне бағыттаған белсенді жан. Бүгінде атқарып жатқан белсенді қызметінің өзі оның тұлғалық болмысын бүкпесіз баяндап тұр десек, артық айтпаған болар едік…

С.НҰРАЙ.