2026 ЖЫЛДАН БАСТАП ЖӘРДЕМАҚЫ МЕН ЗЕЙНЕТАҚЫ МӨЛШЕРІ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде жәрдемақылар мен зейнетақы төлемдеріне енгізілетін өзгерістерге қатысты кең көлемді түсінік берді. Министрлік мәліметінше, мемлекеттік қолдау шараларының басым бөлігі инфляция деңгейіне сай 10 пайызға ұлғайды.
Жаңа жылдан бастап бала тууына байланысты берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері артты. Атап айтқанда, бірінші, екінші және үшінші бала дүниеге келгенде төленетін жәрдемақы 149 416 теңгеден 164 350 теңгеге дейін көбейді. Ал төртінші және одан кейінгі балаларға берілетін төлем 247 716 теңгеден 272 475 теңгеге дейін ұлғайды. Көпбалалы отбасыларға арналған ай сайынғы жәрдемақылар да өсті. Төрт баласы бар отбасылар 63 030 теңгенің орнына 69 330 теңге алады. Ал он баласы бар отбасылар үшін бұл көрсеткіш 157 280 теңгеден 173 000 теңгеге дейін артты. Мүгедектігі бар адамдарға берілетін жәрдемақылардың мөлшері де қайта қаралды. I топтағы мүгедектігі бар азаматтарға төленетін жәрдемақы 101 702 теңгеден 111 872 теңгеге дейін өсті. Ал II топтағылар 81 362 теңгенің орнына 89 498 теңге алады, ал III топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін төлем 55 474 теңгеден 61 021 теңгеге дейін көбейді.
Сонымен қатар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін асыраушысынан айырылу және еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер де 10 пайызға артты. Бұл төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен төленетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша ретінде жүзеге асырылады. Төлем мөлшері соңғы екі жылда МӘСҚ-қа аударылған әлеуметтік аударымдарға негізделген орташа айлық табысқа, еңбек ету қабілетінен айырылу коэффициентіне, асырауындағы адамдар санына, жүйеге қатысу өтіліне және табысты алмастыру деңгейіне қарай жеке есептеледі.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың, базалық және ынтымақты зейнетақылардың барлық түрі ҚР Ұлттық банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 10 пайызға өсті. Бұған қоса, Мемлекет басшысының тапсырмасына сай 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде базалық зейнетақының ең төменгі және ең жоғары мөлшерін кезең-кезеңімен арттыру жұмысы жалғасып келеді. Нәтижесінде 2026 жылы базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына тең болып, 35 596 теңгені құрады. Ал ең жоғары мөлшері күнкөріс деңгейінің 110 пайызынан 118 пайызына дейін өсіп, 60 005 теңгеге жетті. Министрлік нақты мысал да келтірді. 2019 жылы зейнетке шыққан, бүгінде 70 жастағы зейнеткер 2025 жылы бюджеттен жалпы 171 588 теңге зейнетақы алған. Оның ішінде базалық зейнетақы – 50 851 теңге, ынтымақты зейнетақы – 120 737 теңге болған. 2026 жылғы өсімді ескерсек, осы зейнеткердің жалпы зейнетақысы 192 816 теңгеге дейін ұлғайды. Бұл соманың 60 005 теңгесі базалық зейнетақыға, 132 811 теңгесі ынтымақты зейнетақыға тиесілі. Ведомство бұл есепке Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін төлемдер кірмейтінін де атап өтті. Осылайша, 2026 жылдан бастап әлеуметтік төлемдер мен зейнетақылардың артуы азаматтардың табысын инфляция жағдайында қолдауға бағытталған.
Ж.БАЛАУСА.




