ТАРИХИ ТЕМІРЖОЛ АЙМАҒЫ ЖАҢА ТУРИСТІК КЕҢІСТІККЕ АЙНАЛМАҚ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласындағы теміржол вокзалы маңы мен ескі шаһар аумағын аралап, бірқатар тарихи ғимараттардың бүгінгі жай-күйімен танысты. Сапар барысында ғасырдан астам тарихы бар теміржол инфрақұрылымына жақын орналасқан нысандардың сәулеттік ерекшелігін сақтай отырып, оларды туристік және мәдени бағытта қайта жандандыру мәселелері жан-жақты қаралды. Бұл бастамалар Түркістан қаласының тарихи келбетін сақтау мен туризм әлеуетін арттыруды көздейді.

Облыс басшысы алдымен Абылайхан көшесінде орналасқан «Жолаушылар көлігі орталық дирекциясы» ғимаратына барды. Жалпы аумағы 0,35 гектарды, ал ғимараттың өзі 735 шаршы метрді құрайтын бұл нысан теміржол саласының қалыптасу кезеңінен сыр шертетін тарихи орындардың бірі саналады. Жобалық жоспарға сәйкес, ғимараттың тарихи сәулеттік келбеті толық сақталып, мұнда теміржол тарихына арналған мұражай ашу көзделіп отыр. Сонымен қатар келушілер үшін шағын дәмхана мен фудкорт орналастыру мүмкіндігі де қарастырылуда. Мұндай кешенді тәсіл қала қонақтары мен тұрғындарына танымдық әрі жайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Сапар барысында облыс әкімі Абылайхан көшесіндегі тағы бір тарихи нысан — «Бригадашылар үйі» ғимаратының жағдайымен танысты. Жалпы аумағы 0,11 гектар, көлемі 367 шаршы метрді құрайтын бұл ғимарат та қайта жаңғыртудан өткізіліп, теміржол саласының тарихын дәріптейтін мұражайға айналмақ. Мұнда келушілерге арналған шағын дәмхана ашу да жоспарланып отыр. Бұл жоба теміржолшылар еңбегінің маңызын кеңінен насихаттап, тарихи жадты сақтауға сеп болады. Облыс әкімі назар аударған келесі аумақ — Тәукехан көшесінде орналасқан жергілікті маңызы бар сәулеттік нысандар кешені. Жалпы аумағы 0,42 гектарды қамтитын бұл аумақта төрт ғимарат орналасқан. Оның біреуінің көлемі 500 шаршы метр болса, қалған ғимараттардың жалпы ауданы 2000 шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар аумақта 2500 шаршы метрлік сквер бар. Жобалық шешімге сәйкес, ғимараттардың тарихи сәулеттік бейнесі сақталып, олар мұражай ретінде пайдаланылатын болады. Ал айналасындағы аумақ теміржол тақырыбындағы скверге айналып, абаттандырылып, қала тұрғындары мен туристер үшін демалыс орнына айналмақ.
Аталған жобалардың жүзеге асуы Түркістан қаласының туристік әлеуетін едәуір арттырады деп күтілуде. Теміржол вокзалы маңындағы аумақ мәдени-танымдық туристік аймақ ретінде қалыптасып, қалаға келген қонақтардың қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Тарихи мұраны сақтау мен заманауи инфрақұрылымды үйлестіре отырып жүзеге асатын бұл бастамалар қаланың ескі шаһар бөлігін жаңа мазмұнмен толықтырады. Облыс әкімі сапар барысында барлық ұсыныстар мен жобалық шешімдер жан-жақты зерделеніп, алдағы уақытта тиісті шешім қабылданатынын атап өтті. Нысандарды қайта жаңғырту барысында тарихи құндылықтарды сақтау басты талап ретінде қарастырылмақ.
Айта кетейік, Түркістан теміржол вокзалы — Қазақстандағы ең көне әрі тарихи вокзалдардың бірі. Архивтік деректерге сәйкес, вокзал 1904 жылы салынған. Осыдан 120 жылдан астам уақыт бұрын бой көтерген бұл нысан еліміздің теміржол жүйесінің дамуына және Түркістан қаласының экономикалық өрлеуіне зор үлес қосты. Теміржол желісінің іске қосылуы қала аумағының кеңеюіне, жаңа қоныстардың пайда болуына және туристер ағынының артуына ықпал етті. Бүгінде вокзал мен оған іргелес орналасқан тарихи ғимараттардың архитектуралық ерекшеліктері өткен ғасырдың тынысын сездіріп, қала тарихының ажырамас бөлігі болып отыр. Осы тарихи кеңістікті жаңаша дамыту — Түркістанды тек рухани орталық қана емес, сонымен қатар тартымды туристік қала ретінде қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі саналады.