ШАҒЫН ӨНДІРІСТІК ПАРКТЕР ЭКОНОМИКАНЫҢ ДРАЙВЕРІНЕ АЙНАЛУДА

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданында орналасқан шағын өндірістік парктің аумағын аралап, онда жүзеге асырылып жатқан өндірістік жобалардың жай-күйімен танысты. Сапар барысында облыс басшысы нысандардың құрылыс сапасына, іске асыру қарқынына және өндірістік инфрақұрылымның дайындық деңгейіне ерекше назар аударып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Бұл сапар өңірде өнеркәсіптік дамуға басымдық беріліп отырғанын және өндірістік жобалардың облыс экономикасындағы стратегиялық маңызын көрсетті.

Кездесу барысында Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбатындағы экономиканы әртараптандыру, өндіріс орындарын ашу және инвесторларға қолайлы орта қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларына тоқталды. Өңір басшысы бұл міндеттердің Түркістан облысы үшін де өзекті екенін атап өтіп, шағын өндірістік парктердің жұмысы тікелей бақылауда екенін жеткізді. Оның айтуынша, әрбір жоба белгіленген мерзімде әрі сапалы іске асуы тиіс, ал инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау – әкімдік жұмысының басты бағыттарының бірі болып қала береді.
Өндірістік парк аумағында жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың бірі — ауыл шаруашылығы машиналары мен аспалы жабдықтарды өндіру кәсіпорны. Аталған жобаның жалпы құны 2,1 млрд теңгені құрайды. Жоба 3,9 гектар аумақта орналасып, өндірістік нысанның жалпы аумағы 7 939,4 шаршы метрді қамтиды. Құрылыс пен іске асыру жұмыстарының биыл аяқталуы жоспарланып отыр. Бұл кәсіпорын іске қосылғаннан кейін өңірде отандық ауыл шаруашылығы техникасын өндіру көлемі артып, фермерлердің сапалы әрі қолжетімді техникаларға қол жеткізу мүмкіндігі кеңейеді. Облыс әкімі осы жоба аясында өндіріс көлемін ұлғайту, заманауи технологияларды енгізу және жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Бұл кәсіпорын тек өндірістік нысан ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар жоба ретінде қарастырылуда, себебі жаңа жұмыс орындарының ашылуы өңірдегі әлеуметтік тұрақтылыққа да оң әсерін тигізеді.
Сапар барысында Нұралхан Көшеров өндірістік парк аумағындағы өзге де жобаларды қарап шықты. Әсіресе, парктің кеңсе ғимаратының құрылысына ерекше мән беріп, нысанды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Өндірістік парктің инфрақұрылымдық дайындығы — инвесторларды тартудағы басты факторлардың бірі екені атап өтілді. Өндірістік парктің толық іске қосылуы Түркістан облысының индустриялық әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, сондай-ақ экономиканың әртараптануына елеулі серпін бермек. Мұндай жобалар өңірді тек аграрлық аймақ ретінде емес, сонымен қатар өндірістік-индустриялық өңір ретінде қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, Түркістан қаласы маңында отандық өндірісті дамыту және қайта өңдеу саласын қолдау мақсатында 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында 152 ғимарат салып, 6 040 жұмыс орнын құру жоспарланған. Қазіргі таңда жобаның бірінші кезеңінде 40 ғимарат салынды, 32 жоба іске қосылып, 1 220 жұмыс орны ашылды. Маңызды экономикалық көрсеткіштердің бірі – бюджеттің әрбір 1 теңгесіне 8,5 теңге жеке инвестиция тартылуы.
Жалпы облыс бойынша 21 шағын өндірістік алаң құрылып, онда өндірістік ғимараттар салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Негізгі басым бағыттар ретінде құрылыс материалдары өндірісі, жиһаз жасау, пластик және резеңке бұйымдары, химия өнімдері, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп салалары белгіленген. Өндірістік парктер аумағында бүгінде жиһаз, жаңбырлатып суғару жүйелері, сусын, мұздатқыш және құрылыс материалдарын шығаратын зауыттар өз жұмысын бастап кеткен. Қорытындылай келе, Түркістан облысында шағын өндірістік парктерді дамыту – өңір экономикасын әртараптандырудың, инвестиция тартудың және жаңа жұмыс орындарын құрудың тиімді тетігіне айналып отыр. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар облыстың индустриялық дамуын жаңа деңгейге көтеріп, Түркістанды экономикалық тұрғыдан тұрақты әрі бәсекеге қабілетті өңір ретінде қалыптастыруға берік негіз қалайды.