МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ САЛАСЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР МЕН ЖОСПАРЛАР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысы әкімдігінде мемлекеттік сатып алу саласында 2025 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, 2026 жылға арналған жоспарлар кеңінен талқыланды. Аппараттық мәжіліс өңірдің қаржылық тәртібі мен бюджеттік саясатындағы өзекті мәселелерді қамтып, саладағы ашықтық пен тиімділікті арттыруға бағытталды. Жиын барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты сала басшыларына, сондай-ақ аудан және қала әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеп, мемлекеттік қаржыны басқарудағы жауапкершілікті күшейтуді талап етті.
Мемлекеттік сатып алу — бюджеттік қаражаттың негізгі бөлігі айналатын стратегиялық сала. Оның ашық, заң талаптарына сай әрі уақтылы жүргізілуі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Осыған орай, облыс басшысы мемлекеттік сатып алу рәсімдерінде орын алып отырған кемшіліктерге тоқталып, оларды болдырмау үшін жүйелі әрі нақты шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Нұралхан Көшеров өз сөзінде сатып алу рәсімдерін қолданыстағы заңнамаға қатаң сәйкес өткізу, белгіленген мерзімдерді сақтауды қамтамасыз ету және қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттырудың маңыздылығына ерекше назар аударды. Облыс әкімінің айтуынша, бюджеттің әрбір теңгесі ел мүддесіне сай жұмсалуы тиіс, ал бұл талап барлық деңгейдегі әкімдіктер мен басқармалар үшін — ортақ міндет.
Аппараттық мәжіліс барысында облыс әкімі бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын уақытылы бекіту, сатып алу рәсімдерін заңнама талаптарына сай өткізу және осы салада жүйелі түрде заң бұзатын аудан, қала әкімдіктері мен облыстық басқармалар бойынша арнайы рейтинг әзірлеу міндеттелді. Бұл рейтингтің нәтижелері ай сайын баяндалып, кемшіліктерге жол берген мекемелерге тиісті шаралар қолданылуы тиіс. Сонымен қатар облыс басшысы бюджеттік қаражатты тиімді пайдалану арқылы өңірдегі өзекті проблемаларды шешуге бағытталған нақты жұмыстар жүргізуді тапсырды. Оның айтуынша, мемлекеттік сатып алу тек формальды рәсім емес, ол — халықтың өмір сапасын арттыруға қызмет ететін маңызды құрал.
Мәжілісте облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Ақәділ Сатыбалды баяндама жасап, өңірдегі сатып алу рәсімдерінің жалпы жай-күйі мен анықталған заңбұзушылықтар туралы мәлімет ұсынды. Оның айтуынша, 2025 жылы Түркістан облысының мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспары 339,7 млрд теңгені құраған. Бұл жоспар 117 мыңнан астам тармақты қамтып, ауқымды қаржылық міндеттемелерді көздеген. Жоспарланған сатып алулардың 60 пайыздан астамы облыстық басқармаларға тиесілі болған. Бұл көрсеткіш облыстық деңгейдегі құрылымдардың мемлекеттік сатып алу саласындағы жауапкершілігі ерекше екенін аңғартады. Сонымен қатар баяндамада бірқатар заңбұзушылықтар мен рәсімдік кемшіліктер анықталғаны айтылып, оларды жою бойынша тиісті ұсыныстар берілді.
Анықталған кемшіліктердің қатарында сатып алу рәсімдерінің мерзімінде өткізілмеуі, жоспарлау кезінде жіберілген олқылықтар және заң талаптарының толық сақталмауы секілді мәселелер бар. Бұл жағдайлар бюджеттік қаражаттың тиімді игерілуіне кері әсер етіп, жобалардың уақытында жүзеге асуына кедергі келтіруі мүмкін. Осыған байланысты облыс әкімдігі тарапынан бақылау мен мониторингті күшейту, жауапты қызметкерлердің біліктілігін арттыру және ішкі бақылау тетіктерін жетілдіру қажеттігі атап өтілді. Мемлекеттік сатып алу саласындағы тәртіп пен жауапкершілік – өңірдің тұрақты дамуының маңызды алғышарты ретінде бағаланды.
2026 жылға арналған Түркістан облысының мемлекеттік сатып алу жоспары 219,1 млрд теңгені құрап отыр. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда жоспар көлемінің өзгергенін көрсетеді және қаржылық саясаттағы басымдықтардың қайта қаралғанын аңғартады. Алдағы кезеңде облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы тарапынан сатып алуларға тұрақты мониторинг жүргізу, бәсекелестік тәсілдерді кеңейту және рәсімдердің ашықтығын арттыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар отандық және жергілікті тауар өндірушілерге басымдық беру мәселесіне ерекше мән берілмек. Бұл қадам өңірлік кәсіпкерлікті қолдауға, жергілікті өндірісті дамытуға және жұмыс орындарын сақтауға ықпал етеді.
Мемлекеттік сатып алу саласындағы басты мақсат — бюджеттік қаражатты барынша тиімді әрі ашық пайдалану. Осы бағытта заңбұзушылықтардың алдын алу шараларын күшейту, цифрлық бақылау тетіктерін жетілдіру және қоғамдық бақылауды арттыру жоспарланған. Сарапшылардың пікірінше, сатып алу рәсімдеріндегі ашықтық пен әділ бәсекелестік тек қаржылық тәртіпті нығайтып қана қоймай, өңірдегі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалардың сапалы жүзеге асуына да мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде халықтың мемлекеттік басқаруға деген сенімін арттыруға ықпал етеді.
Түркістан облысында мемлекеттік сатып алу саласы 2025 жылы ауқымды көлемде жүзеге асырылып, бірқатар нәтижелер мен мәселелер айқындалды. Ал 2026 жылға қойылған міндеттер осы саладағы тәртіпті күшейтуге, ашықтық пен тиімділікті арттыруға бағытталған. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жүктеген нақты тапсырмалар мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіруге, бюджеттік қаражатты ел мүддесіне сай жұмсауға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге негіз болмақ. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар Түркістан облысының тұрақты дамуына серпін беретіні анық.




