САУРАН АУДАНЫНДА ЖАҢА ӨНДІРІС АЙМАҒЫ ҚҰРЫЛАДЫ

Түркістан облысында инвестиция тарту арқылы өндірісті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, Сауран ауданында экономикалық белсенділікті арттыру, ірі жобаларды іске асыру және жұмыссыздық деңгейін төмендету басты басымдықтардың бірі ретінде айқындалған. Осы мақсатта аудан әкімдігі шетелдік және отандық инвесторлармен тығыз әріптестік орнатуға ерекше көңіл бөлуде.

Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі ретінде Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров «EURO SANDWICH PANEL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Қытай Халық Республикасының «CHONGQING JINJIAHANG CONSTRUCTION ENGINEERING CO., LTD» компаниясының өкілдерімен ресми кездесу өткізді. Кездесу барысында аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобаның қазіргі барысы және оны одан әрі дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды. Аталған жоба Сауран ауданының Шаға ауылдық округі аумағында жүзеге асырылуда. «EURO SANDWICH PANEL» ЖШС-не жалпы көлемі 2,5 гектар жер телімі бөлініп, бұл аумақта сэндвич-панельдер мен металл конструкцияларын өндіретін зауыттың құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар электр қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған заманауи құрылғыларды шығаратын өндіріс орнын салу да жоспарға енгізілген. Бұл жобалар өңірдің құрылыс және өнеркәсіп саласын дамытуға бағытталған.
Электр қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған құрылғылардың ерекшелігіне де кездесуде ерекше назар аударылды. Аталған өнімдер 7 жыл бойы эксперименттік сынақтан өтіп, жоғары сенімділігімен және қауіпсіздік талаптарына толық сәйкестігімен дәлелденген. Қазіргі таңда мұндай құрылғылар әлемде тек Қытай Халық Республикасында ғана өндірілуде. Алдағы уақытта осы озық технологияны Сауран ауданында өндіру жоспарланып отыр. Бұл ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыруға да мүмкіндік береді. Жобаның негізгі мақсаты – құрылыс және өнеркәсіп салаларын отандық, сапалы өніммен қамтамасыз ету, импортқа тәуелділікті азайту, өндірістегі қауіпсіздік деңгейін арттыру және өңірдің индустриялық әлеуетін нығайту. Жалпы инвестициялық құны 6,0 млрд теңгені құрайтын бұл жоба толық іске қосылған жағдайда 65-70 жаңа тұрақты жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Бұл Сауран ауданы үшін әлеуметтік маңызы зор көрсеткіштердің бірі болып саналады.
Кездесу барысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жобаның стратегиялық маңыздылығына арнайы тоқталды. Оның айтуынша, электр қауіпсіздігіне арналған заманауи құрылғылардың Сауран ауданында өндірілуі — өңір үшін үлкен жетістік әрі индустриялық дамудың жаңа кезеңіне жол ашады. Сонымен қатар ол аудан әкімдігі тарапынан инвесторларға барлық қажетті ұйымдастырушылық және инфрақұрылымдық қолдау көрсетілетінін атап өтті. Жалпы алғанда, бұл инвестициялық жоба Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін бермек. Жаңа өндіріс орындарының ашылуы жұмыссыздықты азайтып, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге өндірістік инфрақұрылымның дамуына, қауіпсіздікке бағытталған заманауи технологиялардың өңірге енгізілуіне және ауданның инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді. Мұндай жобалар Түркістан облысының экономикалық әлеуетін күшейтіп, өңірдің ұзақ мерзімді тұрақты дамуына негіз қалайды.