ШЫМКЕНТТІҢ ӨЗІНДІК КІРІСТЕРІ 500 МЛРД ТЕҢГЕДЕН АСТЫ

Сыздықбековтың салмақты стратегиясы сапалы нәтижеге
жеткізуде

 

2025 жылдың қорытындысы Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуында іргелі жетістіктердің барын, игі бастамалардың іске асып жатқанын айқын көрсетті. Ресми статистикалық деректерге сәйкес, қала экономикасының өсімі 16,7 пайызды құрап, республика бойынша екінші орынға шықты. Бұл нәтиже Шымкенттің еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан мегаполистердің біріне айналғанын дәлелдейді. Мұндай көрсеткіш кездейсоқ жетістік емес, ол жүйелі жоспарлау, тиімді басқару және нақты нәтижеге бағытталған өңірлік саясаттың жемісі.

Экономикалық өсімнің өзегінде инвестициялық белсенділіктің артуы жатыр. 2025 жылы Шымкент қаласына тартылған инвестициялар көлемі 860 млрд теңгеге жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 7,5 пайызға артты. Инвестициялық ағынның тұрақты өсуі қала әкімдігі тарапынан бизнеске қолайлы орта қалыптастыру бағытында жүргізілген жұмыстардың нәтижесін көрсетеді. Инженерлік инфрақұрылымды дамыту, өндірістік аймақтарды кеңейту, рұқсат беру рәсімдерін оңтайландыру инвесторлар сенімін арттыруға ықпал етті. Қаланың қаржылық тұрақтылығы да айтарлықтай күшейді. 2025 жылы Шымкент қаласының бюджеті 887,6 млрд теңгені құрады. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 12,1 пайызға артық. Соңғы үш жыл ішінде қала бюджетінің өзіндік кірістері 157,8 млрд теңгеге өсіп, 500,5 млрд теңгеге жетті. Соның нәтижесінде өзіндік кірістердің үлесі 46 пайыздан 56,5 пайызға дейін ұлғайды. Бұл көрсеткіш мегаполистің орталық бюджетке тәуелділігін біртіндеп азайтып, экономикалық дербестігін нығайтып келе жатқанын білдіреді.
Әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы көлемі де басым бағыттардың бірі болды. 2025 жылы жоғарыда сөз еткен бағыттарға 439 млрд теңге бөлініп, бұл жалпы бюджет көлемінің 49,5 пайызына теңесті. Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, тұрғын үймен қамтамасыз ету сияқты маңызды салаларға басымдық берілуі қалалық саясаттың әлеуметтік бағдарын айқын көрсетеді. Сонымен қатар, бюджет қаражатын игеру тиімділігі бойынша Шымкент республика көлемінде төртінші орынға шықты. Бұл қаржы тәртібі мен басқару сапасының жоғары деңгейде екенін аңғартады.
Өнеркәсіп саласы қала экономикасының негізгі тіректерінің бірі болып қала береді. Шымкент бүгінде еліміздегі ірі өндірістік орталықтардың санатына кіреді. Қазақстан бойынша өндірілетін мақта майының 96 пайызы, мақта матасының 63 пайызы, дәрі-дәрмектің 43 пайызы, мотор майының 39 пайызы, тазартылған күнбағыс майының 37 пайызы, өңделген шай мен кофенің 34 пайызы, цемент клинкерлерінің 30 пайызы және портландцементтің 22 пайызы дәл осы қалада өндіріледі. Мұндай деректер Шымкенттің өңдеу өнеркәсібіндегі стратегиялық рөлін айқын көрсетеді деп ойлаймыз.
Былтыр өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 66,1 млрд теңгені құрайтын 20 ірі жоба іске асырылды. Соның нәтижесінде мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Атап айтқанда, алюминий құтыларын шығаратын «QazAlpack» зауытының 30 млрд теңгелік екінші кезеңі іске қосылып, жылына 2,2 млрд дана өнім өндіру қуатына жетті. Кәсіпорын 112 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар, «Sauran Bricks» автоклавты газдалған бетон зауыты пайдалануға беріліп, жылына 300 мың текше метр құрылыс материалын өндіруде. Бұл жобалар импортты алмастыруға және ішкі нарықты отандық өніммен қамтуға бағытталған. Нәтижесінде мегаполистегі өнеркәсіп өнімінің көлемі 13,3 пайызға артып, 1 трлн 528,8 млрд теңгені құрады.
Инфрақұрылымды жаңғырту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылды. 2025 жылы қалада 1 059 шақырымнан астам автомобиль жолына асфальт төселіп, көлік қозғалысы едәуір жақсарды. Жол-көлік инфрақұрылымының дамуы қала ішіндегі логистиканы оңтайландырып қана қоймай, экономикалық белсенділіктің артуына серпін берді. Шымкент әуежайының жаңа терминалының іске қосылуы мегаполистің халықаралық және ішкі көлік қатынасын жаңа деңгейге көтерді. Нәтижесінде алты елге және сегіз қалаға тікелей әуе рейстері ашылып, көлік қызметтерінің көлемі 318,9 млрд теңгеге жетті.
Цифрландыру саласында да оң өзгерістер байқалады. Байланыс қызметтерінің көлемі 17,7 пайызға өсіп, 14,7 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш қалада цифрлық инфрақұрылымның дамып келе жатқанын, жаңа технологиялардың экономика мен басқару жүйесіне кеңінен енгізіліп жатқанын көрсетеді. Электронды қызметтерді дамыту, «ақылды қала» элементтерін енгізу тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған.
Құрылыс саласы да қарқынды дамыды. 2025 жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 20,3 пайызға өсіп, 338,2 млрд теңгеге жетті. Жалпы ауданы 1,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары аясында 66 көпқабатты тұрғын үй салынды, оның 34-і жыл соңына дейін пайдалануға тапсырылды. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға 1 529 пәтер сатып алынып берілді. Сонымен бірге, реновация бағдарламасы шеңберінде апатты деп танылған 12 тұрғын үйдің орнына 120 жаңа пәтер табысталды.
Аталған көрсеткіштердің барлығы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы Сыздықбековтың басқарушылық тәжірибесі мен стратегиялық көзқарасының нәтижесін көрсетеді. Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді нақты жоспарларға айналдырып, олардың орындалуын қатаң бақылауда ұстау — әкім жұмысының басты ерекшелігі. Экономикалық өсім мен әлеуметтік тұрақтылықты қатар қамтамасыз ету, инвестиция тарту мен тұрғындардың өмір сапасын арттыру арасындағы тепе-теңдікті сақтау — кәсіби басшыға тән қасиет. Бүгінде Шымкент қаласы тиімді басқару моделін қалыптастырып, даму қарқыны жоғары мегаполис ретінде танылып отыр. Қаланың өндірістік әлеуеті, қаржылық дербестігі, әлеуметтік бағыттағы саясат пен инфрақұрылымдық серпіліс алдағы жылдары да тұрақты өсімге негіз болатынын көрсетеді. Бұл үрдіс Шымкенттің Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуына қосатын үлесі одан әрі арта түсетінін айқын аңғартады. Қош, сандар мен көрсеткіштердің артып отырғаны айқын. Сонымен қатар бұқараның да бүгінгі жергілікті атқарушы билікке деген сенімі нығайып келе жатыр. Бұқарамен кездескен сайын «Мен орындалмайтын шаруаға уәде бермеймін. Ал уәде берсем, орындалады» дегенді жиі айтатын Ғабит Әбдімәжитұлы келгелі бері көп істің үдесінен шығып, берген уәдесін қалтқысыз орындауының арқасында жергілікті ағайынның арасында үлкен абыройға ие болып келеді.
Жалпы қаланың даму қарқынына қарап-ақ, әкімнің іскерлік деңгейін бағалауға болады. Бұл тұрғыдан келгенде, Ғабит Сыздықбековтың мерейі үстем екені анық!

Қ.МОМЫНХАН.