ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ МАҢЫЗДЫ МИССИЯНЫ МҮЛТІКСІЗ ОРЫНДАДЫ

Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысы Қазақстанның саяси, әлеуметтік, мәдени және экономикалық дамуына қатысты кешенді көзқарасты айқындап берді. Бұл жиын дәстүрлі есеп беру немесе маңызды мәлімдемелермен шектелмей, мемлекеттің алдағы жылдардағы нақты басымдықтарын, институционалдық реформаларын және стратегиялық бағыттарын қамтыған маңызды алаңға айналды.

Ұлттық құрылтайдың географиясы мен символдық мәні оның мазмұндық салмағын күшейте түседі. Ұлытау, Түркістан, Атырау, Көкшетау және енді Қызылордада өтуі — мемлекеттің тарихи сананы жаңғыртуға және өңірлік теңгерімді сақтауға деген ұмтылысын көрсетеді. Қызылорданың таңдалуы кездейсоқ емес. Бұл өңір қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуында, ел тағдырына қатысты маңызды шешімдер қабылдауда айрықша рөл атқарған. Құрылтай барысында мәдениет пен руханият мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл бағыттың стратегиялық мәні қоғам санасының жаңғыруымен тікелей байланысты. Экономикалық немесе институционалдық реформалар халықтың дүниетанымы өзгермейінше толыққанды нәтиже бермейтіні ашық айтылды. Осы тұрғыда театрлар салу, мәдениет ошақтарын жаңғырту, музей ісін дамыту — тек инфрақұрылымдық емес, идеологиялық және танымдық инвестиция ретінде қарастырылды.
Мәдени саясаттағы тағы бір маңызды бағыт — тарихи және мәдени мұраны халықаралық деңгейде мойындату. Қолжазбаларды, сәулет нысандарын, петроглифтерді ЮНЕСКО тізіміне енгізу бастамалары Қазақстанның өзін тек ресурстық немесе транзиттік ел ретінде емес, терең өркениеттік тарихы бар мемлекет ретінде танытуға бағытталған. Бұл — «жұмсақ күштің» маңызды элементі. Жастар мәселесі Құрылтайдың негізгі тақырыптарының бірі болды. Мемлекет жастарды тек әлеуметтік қолдау нысаны ретінде емес, ел дамуының негізгі драйвері ретінде қарастыратынын көрсетті. Қазіргі қазақ өнері мен киносының халықаралық деңгейде мойындала бастауы — соның айқын дәлелі. Бұл үрдіс Қазақстанның мәдени имиджін жаңғыртып қана қоймай, жаңа экономикалық салалардың қалыптасуына жол ашады. Сонымен қатар құрылтайда отаншылдық ұғымына жаңа, прагматикалық мазмұн берілді. Патриотизм бос ұранмен емес, нақты еңбекпен, заңды сақтауымен, қоғамдық жауапкершілікпен өлшенуі тиіс деген тұжырым айқын айтылды. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, қоғамдық тәртіпті сақтау, экологиялық және әлеуметтік бастамаларға қатысу отаншылдықтың нақты көрінісі ретінде көрсетілді.
Әлеуметтік саладағы түйткілдер де ашық көтерілді. Білім беру мен денсаулық сақтау жүйесіндегі қаржыландыру тетіктерінің бұрмалануы, сыбайлас жемқорлық пен алаяқтық фактілері қоғам дамуына кедергі келтіріп отыр. Бұл мәселелерді жария түрде атап, нақты тапсырмалар беру — жауапкершілікті күшейтуге бағытталған қадам. Экономика және инфрақұрылым саласында да жүйелі сын айтылды. Энергетика тапшылығы, газ және электр қуатына тәуелділік, дата-орталықтар мен жоғары технологиялы экономиканы дамыту үшін қажетті инфрақұрылымның жеткіліксіздігі — елдің ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер ететін факторлар. Осы тұрғыда көмір, су және газ ресурстарын тиімді пайдалану, энергетикалық теңгерімді сақтау мәселесі стратегиялық деңгейде көтерілді.

Көлік-логистика саласына ерекше мән берілуі де кездейсоқ емес. Қазақстанның транзиттік әлеуеті — оның геосаяси артықшылығы. Алайда бұл әлеует тек сапалы жолдармен, теміржол желілерімен, әуе тасымалының дамуы арқылы ғана іске асады. Құрылтайда аталған ірі жол және теміржол жобалары елдің халықаралық логистика картасындағы орнын нығайтуға бағытталған. Цифрландыру және жасанды интеллект мәселесі де маңызды басқосуда сөз болды. Бұл бағыт сән үшін емес, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, шешім қабылдау уақытын қысқарту және еңбек өнімділігін өсіру үшін қажет екені нақты айтылды. Алайда технологияның өзі басқарудағы бейберекетті жоймайтыны, алдымен институционалдық тәртіп қажет екені де ескертілді.
Құрылтайда көтерілген тағы бір маңызды тақырып — саяси жүйені жаңғырту. Бір палаталы Парламент құру, оның атауын «Құрылтай» деп белгілеу, депутаттар саны мен құрылымын оңтайландыру жөніндегі ұсыныстар елдегі саяси реформалардың жаңа кезеңге өткенін көрсетеді. Бұл өзгерістердің негізгі мақсаты — сан емес, сапаға негізделген тиімді заң шығарушы орган қалыптастыру.
Жалпы алғанда, Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай Қазақстанның қазіргі жағдайына шынайы баға беріп қана қоймай, болашақ даму бағытын нақты айқындап берді. Мұнда романтикалық уәделерден гөрі, нақты міндеттер мен жауапкершілік басым. Бұл жиын мемлекеттің өзін-өзі сын тұрғысынан бағалай алатынын және өзгерістерге дайын екенін көрсетті. Ұлттық құрылтай — тек кеңесші орган емес, қоғамдық сана мен мемлекеттік стратегиялық ойдың тоғысатын алаңы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ал ендігі басты мәселе — айтылған тапсырмалар мен бастамалардың нақты іске асуы. Себебі қоғам үшін ең маңыздысы — сөз емес, нәтиже.
Ж.БАЛАУСА.