АЙМАҚТАРДАҒЫ АХУАЛ ҚАҒАЗ БЕТІНДЕ МІНСІЗ, АЛ ШЫНАЙЫ ӨМІРДЕ ШЕ?

Ескі жыл тарихқа сіңіп, жаңа жыл басталды. Бүгінде облыс әкімдіктері өткен жылдың есебін түгендеп, көрсеткіштерді қағазға түсіріп, Астанаға жолдап жатыр. Бұқараның назарына ұсынып жатқандары да жетерлік. Десек де…

Қай облыстың ресми интернет-ресурсын ашып кеп жіберсеңіз де, жоғары нәтиже мен жақсы көрсеткіштерден көз сүрінеді. Жыл басында «Түркістан» газетіне берген сұхбатында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұрт табыс тауып жатыр, тіпті, жақсы табыс табатындар да бар. Бірақ оның бәрін инфляция жеп қояды немесе ипотека төлеу, балаларды оқыту, ата-анаға көмектесу сияқты күнделікті тірлікке жұмсалып, жоқ болып кетеді. Ауырып қалу немесе жұмыстан айырылу секілді кез келген көлденең кедергі тұрмыстағы тұрақтылықты бұзып жіберуі мүмкін» деген болатын. Демек қағаз бетіндегі көрсеткіштерге сүйеніп, жағдайды жақсыға балауды доғару керек. Рас, өсім бар. Бірақ оның шарапатын қатардағы қазақстандықтардың бәрі бірдей көріп жатыр деуге келмейді.
Қош, соңғы уақытта мемлекет басшысы еліміздегі ахуалға шынайы бағасын беріп, халықтың тұрмысын түзеуге басымдық берілетінін атап айтты. Бұған дейін жіберілген олқылықтардан халықтың емес, ат төбеліндей топтың аз уақытта байып шыға келгенін де алға тартты. Соған қарағанда, Ақорданың назары қағаздағы көрсеткіште емес, тұрғындардың өмір сүру сапасында, тіршілігі мен тұрмысында, қала берді, жергілікті билікке деген сенімінде болып тұрған сыңайлы. Мұны шенділер түсінді ме әлде түсінсе де, түсінбеген сыңай танытты ма белгісіз. Әйтеуір қағаз бетіндегі аймақтардың алға тартар жетістіктері көп, кемшілігі жоқ сияқты…

«Уақыт».