БҮЙРЕК АУРУЛАРЫН ЕМДЕУДЕ ЗАМАНАУИ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ҚОЛДАНЫЛА БАСТАДЫ

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында қалалық №1 аурухананың қызметімен танысты. Сапар аясында депутат медициналық мекемедегі арнайы бөлімнің жұмысын көріп, дәрігерлермен және аурухана ұжымымен кездесті. Кездесу барысында заманауи медициналық технологияларды енгізу және халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыру мәселелері талқыланды.

Ауруханадағы арнайы бөлімге соңғы үлгідегі медициналық аппараттар орнатылған. Бұл құрылғылар партияның қаржылай қолдауы арқылы сатып алынып, қосымша бір аппарат жөндеуден өткізіліп, қайта іске қосылған. Заманауи технологияларға сай бұл аппараттар бүйрекке жиналған тас пен құмды ауырсынусыз, хирургиялық араласусыз жоюға мүмкіндік береді. Дәрігерлердің айтуынша, жаңа әдіс бойынша науқасқа наркоз берілмейді. Арнайы аппараттың көмегімен бүйректегі тас 1000 вольттық қуат арқылы ұсақталып, ағзадан табиғи жолмен шығарылады. Бұл тәсіл науқас үшін де, медицина қызметкерлері үшін де анағұрлым қауіпсіз әрі тиімді саналады. Ең бастысы, емдеу барысында ауырсыну сезімі болмайды және қалпына келу уақыты қысқарады. Айта кету керек, шымкенттік дәрігерлердің мұндай заманауи неміс аппараттарына қол жеткізуіне «Ақжол» партиясы әлеуметтік жобалар аясында ықпал еткен. Бұл медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған маңызды қолдау ретінде бағаланып отыр.
Аурухананың бас дәрігері Бақытжан Позиловтың айтуынша, жыл басынан бері аталған аппараттар арқылы 750 науқасқа ота жасалған. Қазіргі таңда кезекте тұрған пациенттер саны да аз емес. Оның сөзінше, Шымкент қаласында бүйрекке құм мен тас жиналу дерті жиі кездеседі, сондықтан мұндай аппараттарға сұраныс жоғары. Жұмыс сапары барысында Қазыбек Иса аурухана ұжымымен және медицина қызметкерлерімен ашық пікір алмасты. Ол Парламенттегі әлеуметтік-мәдени даму комитеті тарапынан медицина саласы мамандарының мәртебесін көтеру, еңбек жағдайын жақсарту және саладағы өзекті мәселелердің шешілуіне тұрақты түрде қолдау көрсетіліп келе жатқанын атап өтті.
Депутат өз сөзінде дәрігерлердің халық денсаулығын сақтау жолындағы еңбегін ерекше бағалап, жаңа аппараттардың медицина қызметкерлерінің жұмысын жеңілдететініне сенім білдірді. Сонымен қатар қазіргі таңда мұндай заманауи құрылғылар Шымкенттен бөлек Алматы мен Астана қалаларында ғана бар екенін айтып, болашақта еліміздің барлық өңірінде енгізілуі тиіс екенін жеткізді. Жалпы қалалық №1 ауруханаға орнатылған жаңа технологиялар медициналық көмектің сапасын арттырып қана қоймай, науқастардың өмір сапасын жақсартуға да оң әсерін тигізуде. Бұл өз кезегінде өңірлік медицинаның дамуына жасалған маңызды қадамдардың бірі болып отыр.