АППАРАТ МӘЖІЛІСІНДЕ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде қала дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Жиын барысында білім беру саласын цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы және қала көшелерін асфальттау бойынша жүргізілген іс-шаралардың нәтижелері талқыланды.

Білім басқармасының басшысы Қуаныш Ысқақов қалада білім сапасын арттыру және басқару тиімділігін күшейту мақсатында кешенді цифрландыру жұмыстары жүзеге асырылып жатқанын баяндады. Оның айтуынша, қазіргі таңда басқарма мен оған қарасты ұйымдардың қызметін қамтитын бірыңғай цифрлық жүйелер кезең-кезеңімен енгізілуде. Бұл процестер білім беру саласындағы ашықтықты арттырып, адами фактордың ықпалын азайтуға бағытталған. Атап айтқанда, білім берудің барлық деңгейін, кадрлық, қаржылық және басқарушылық процестерді біріктіретін «QARQYN» интеграциялық жүйесі қолданысқа енгізілген. Аталған жүйе қолданыстағы ақпараттық платформалармен толық біріктіріліп, ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай жұмыс істейді. Нәтижесінде басқару шешімдерін қабылдау жеделдеп, тәуекелдерді алдын ала анықтауға мүмкіндік туындады.
Мектепке дейінгі және қосымша білім беру салаларында енгізілген цифрлық шешімдер де оң нәтижесін көрсетті. Ваучерлік қаржыландыруды талдау барысында негізсіз есептеулер анықталып, жойылды. Бұл өз кезегінде бюджет шығындарын оңтайландыруға және мемлекеттік қаражатты үнемдеуге жол ашты. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарының 34 мыңнан астам қызметкерін қамтитын «Sana» тарификациялық базасы енгізілді. Жүйе арқылы оқу жүктемесінің артық есептелуі, жасырын бос жұмыс орындары және негізсіз қосымша төлемдер анықталып, кадрлық және қаржылық процестердің ашықтығы қамтамасыз етілуде. Кеңесте білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік пен оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамту мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Қаладағы барлық мектептерде бейнебақылау және биометриялық бақылауды қамтитын «Айқын» интеллектуалды жүйесі енгізілген. Білім беру ұйымдары полицияның Жедел басқару орталығына қосылып, қауіпсіздік деңгейі күшейтілді. Ал ыстық тамақпен қамту жүйесін биометриялық есепке алу арқылы цифрландыру нәтижесінде 2025 жылы 540 миллион теңге бюджет қаражаты үнемделген.
Аппарат кеңесінде қала жол инфрақұрылымын дамыту мәселесі де қаралды. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов 2025 жылғы цифрлық паспортизация қорытындысы бойынша Шымкент қаласында топырақ жолдардан асфальт жолдарға толық көшу жұмыстары аяқталғанын хабарлады. Бұл көрсеткіш қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға және көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болды.