КЕЙІНГІ 4 ЖЫЛДА ҒЫЛЫМҒА БӨЛІНЕТІН ҚАРЖЫ 2 ЕСЕ ӨСТІ

Соңғы жылдары Қазақстанда ғылым мен инновация саласына деген көзқарас түбегейлі өзгеріп келеді. Мемлекеттік саясатта ғылыми зерттеулерді қаржыландыруды арттыру экономиканы әртараптандырудың, технологиялық тәуелсіздікті нығайтудың және ұзақмерзімді тұрақты өсімді қамтамасыз етудің негізгі тетігі ретінде қарастырыла бастады. Бұл үрдістің нақты көрінісі ретінде елде ғылымға бөлінетін қаржы көлемінің айтарлықтай өскенін айтуға болады.

Еуразиялық экономикалық одақтың статистикалық жылнамасында жарияланған ресми деректерге сәйкес, Қазақстан соңғы төрт жыл ішінде ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге бағытталатын шығындарды екі еседен астам арттырған. Егер 2020 жылы бұл көрсеткіш 215,6 млн долларды құраса, 2021 жылы 256,6 млн долларға жетті. 2022 жылы ғылымға бөлінген қаржы 264 млн долларды құрап, өсім қарқыны сақталды. Ал 2023 жылы бұл салаға 378 млн доллар бағытталды. 2024 жылы Қазақстанның ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге жұмсаған шығыны 468 млн долларға жетіп, тарихи ең жоғары деңгейде тіркелді. Осы тұста, 2025 жылға қатысты толық деректер есептеліп болғаннан кейін ғана жарияланатынын айта кеткеніміз жөн.
Бұл динамика ғылымды қаржыландырудың үздіксіз әрі жүйелі түрде өсіп отырғанын көрсетеді. Ең бастысы, Қазақстанның бұл көрсеткіші Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасындағы салыстырмалы талдауда айрықша көзге түседі. 2024 жылғы мәліметтер бойынша, Арменияда ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге жұмсалған қаржы 68,1 млн долларды құраса, Қырғызстанда бұл көрсеткіш небәрі 9,2 млн доллар шамасында қалыптасты. Қазақстан бұл бағытта Беларусьті де басып озды. Аталған елде ғылымға бөлінген қаржы көлемі 447 млн АҚШ долларын құраған. Осылайша, Қазақстан ЕАЭО елдері арасында ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді қаржыландыру көлемі бойынша екінші орынға шықты.
Бұл көрсеткіштер елдегі ғылымның даму қарқынының өңірлік деңгейде жоғары екенін аңғартады. Сонымен бірге ғылыми саясаттың құрылымдық ерекшеліктері де назар аударуға тұрарлық. Қазақстанда ғылыми зерттеулермен негізінен университеттер жанындағы ғылыми орталықтар мен салалық білім беру ұйымдары айналысады. Бұл ғылым мен білім беру жүйесінің өзара тығыз байланыста дамып келе жатқанын көрсетеді. Яғни ғылыми әлеует кадр даярлау, академиялық зерттеулер және қолданбалы ізденістер арқылы қалыптасып, жоғары оқу орындарының базасында шоғырланып отыр. Ал ЕАЭО-ға мүше өзге елдерде ғылымды ұйымдастырудың моделі өзгеше. Ресей мен Беларусьте ғылыми зерттеулердің басым бөлігі өндірістік кәсіпорындардың үлесінде. Мұндай тәсіл ғылымды тікелей технологиялық жаңару мен өнеркәсіптік тиімділікке бағыттауға мүмкіндік береді. Бұл елдерде ғылыми әзірлемелер өндірістің нақты қажеттіліктеріне бейімделіп, экономиканың технологиялық деңгейін көтерудің құралына айналған.
Қырғызстан мен Арменияда ғылыми-зерттеу қызметі көбіне министрліктерге қарасты ұйымдар мен мемлекеттік сектордағы мекемелер арқылы жүзеге асады. Бұл елдерде ғылым мемлекеттік басқару жүйесінің бір бөлігі ретінде дамып, орталықтандырылған сипатқа ие. Мұндай модель ғылыми зерттеулердің мемлекеттік саясатпен тікелей байланысын күшейткенімен, жеке сектордың ғылымға қатысу деңгейі салыстырмалы түрде төмен болып отыр. Қазақстан үшін қазіргі кезеңде ғылымды дамыту елдің ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрғысынан ерекше маңызға ие. Ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер жаңа технологияларды енгізуге, өндірістің өнімділігін арттыруға, импортқа тәуелділікті азайтуға және жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ғылым адами капиталды дамытуға, білім сапасын арттыруға және жастардың зияткерлік әлеуетін іске асыруға жол ашады.

Ж.БАЛАУСА.