ҚАРА ЖОЛДАҒЫ ҚАСІРЕТ АЗАЙМАЙ ТҰР

Елімізде жолдарды жөндеу мен салу жұмыстары қарқын алған. Бұрындары әлеумет жол сапасының нашарлығынан көлік апаттары жиі болады дегенді алға тартатын. Десе де жағдай жақсы жаққа өзгергенімен, жолда жүйткитіндердің қатары сиремей келеді. Әрине, осының кесірінен жол көлік апаттарының да саны біршама көп. Бүгінгі материалымызда аталған тақырыпты кеңірек тарқатпақпыз…

Статистика көрсеткендей, ағымдағы жылғы 9 айда елімізде 19 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген, оның салдарынан 26 703 адам зардап шеккен. Бұл туралы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет мәлім етті. Бұл ғана емес, жол-көлік апаты салдарынан 1 754 адам қаза тапқан. Оның ішінде 230 кәмелетке толмаған бала мен 486 әйел бар. Аймақтарға ойыссақ, 3869 оқиғамен Алматы қаласы, 2118 оқиғамен Алматы облысы, 1220 жағдаймен Астана қаласы, 1181 оқиғамен Жамбыл облысы көш басында тұр. Деректерге сүйенсек, мұндай оқыс оқиғаларға көп жағдайда маневр жасау қағидаларын сақтамау, жылдамдықты асыру, жаяу жүргіншілерге қозғалыстағы басымдықты ұсынбау, жол қиылыстарынан өту немесе жолдың жүру бөлігін қиып өту қағидаларын бұзу себеп болған.
Жол-көлік оқиғасының 95 пайыздан астамы жүргізушілердің кінәсінен болады. Оның ішінде 451-і алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде жасалған. Ал адам өліміне әкелетін жол көлік оқиғаларының 60 пайыздан көбі қала маңындағы жолдарда орын алады. Соңғы жылдары жастар мен жасөспірімдер мопед, скутер, самокат сынды шағын көлік құралдарын тізгіндеуді сәнге айналдырды. Мұның өзі жалпы статистиканың артуына себеп болуда. Қош делік, жағдай мәз емес. Сондықтан жолдағы қауіпсіздікті сақтаудың маңызы айрықша. Бұл әр жүргізушінің өзімен қатар, өзгелердің де амандығына әсер етеді. Осыны ұмытпасақ екен…

О.ҚАСЫМ.