АНАРБЕК ОРМАН МИЛЛИАРДТАҒАН СУБСИДИЯ АЛЫНҒАНЫН МОЙЫНДАДЫ
Соңғы күндері «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-на қатысты дау өрши түсті. Әлеуметтік желіде аталған бастаманы жақтаушылар да, даттаушылар да табылып жатыр. Жуырда Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары Талғат Балтабаев «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-ның бас директоры Анарбек Орманды ашық пікірталасқа шақырған болатын. Бұл тектен-текке емес. Өйткені дәл осы мәселені мәслихат мінберінен алғаш болып көтерген дәл осы қалалық мәслихаттың депутаты Талғат Дүйсебайұлы болатын. Артынша межелі мерзім жеткенде ашық пікірталас ұйымдастырылды.
Оны түсіріп, көрерменге жеткізу міндеті халықтық «Уақыт TV» телеарнасына жүктелді. Қош, біршама уақытқа созылған сұхбат барысында бірқатар маңызды мәселелер көтерілді. Өзекті де өткір ойлар айтылды. Маңызды сауалдар қойылды. Аталған пікірталасты бақылай отырып, бірқатар қарама-қайшы пікірлердің барына, айтылып келе жатқанына көзіміз анық жетті десек, артық айтпаған болар едік. Тарқатар болсақ, бұған дейін әлеуметтік желілерде «мемлекеттен бір тиын көмек алмаған» деген сыңайдағы уәждер айтылған болатын. «Бақсақ, бақа екен» демекші, бұл ақпарды кәсіпорынның басшысы сұхбат барысында жоққа шығарды. Ашып айтсақ, мәслихат депутаты «Біз қазір көп жерде өтірік айта беретін болдық. Шын мәніне келгенде, сіз әкімдіктен субсидия алдыңыз ғой?» деп сауалды төтесінен тастады. Міне, сонда «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС бас директоры Анарбек Орман «Әкімдіктен жалпы 6-7 жылда 6 миллиард теңгедей субсидия алдық» деп анығын айтты. Яғни кәсіпорынға мемлекеттің көмегі тиді. Демек белсенділер мен журналистер сөз етіп келе жатқан «мемлекеттен бір тиын да алмады» деген уәждің өзі жалған. Бұл ақпаратты бұрмалау мен әлеуметті әлекке салудың бір тәсілі сыңайлы. Әйтпегенде мекеме басшысының өзі бұл деректі жоққа шығармас еді.
Қарап отырсақ, дәл осы мекеме айналасындағы дау өршіп барады. Соңғы уақытта түрлі жаңа деректер айтылып жатыр. Тіпті, жеке басқа өтіп, кәсіби этикадан аттаған әріптестеріміз де баршылық. Қош делік, кәсіпорынның мемлекет меншігіне өтуі немесе өтпеуі уақыттың еншісінде. Анығы сол, мәселе ұзағырақ созылған сайын бастапқыда айтылған уәждердің ақиқаттан біршама алыс екені аңғарылып жатқандай. Оған жоғарыдағы жауап дәлел бола алады деп ойлаймыз…
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.