ЕЛІМІЗДЕ 130 МЫҢ ОРЫНДЫҚ 86 ЖАҢА МЕКТЕП АШЫЛДЫ

Білім – елдің ертеңін айқындайтын сала десек, артық айтпаған болар едік. Сондықтан жаһан мемлекеттері аталған саланы дамыту мақсатында қыруар іс атқарып жатыр. Бұл қатарда Қазақстан да бар. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта елімізде білім саласының өзіндік мәселелері бар. Дегенмен оларды шешу мақсатында қолға алынған шаралар да жоқ емес. Осы орайда, бүгінгі материалымызда аталған тақырып турасында кеңірек тарқатпақпыз…

Ресми дерекке сүйенсек, оқу жылының басынан бері өңірлерде 130 мың оқушыға арналған 86 мектеп ашылды. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 74,8 мың оқушыға арналған 27 мектеп, оның ішінде Астанада 9 мектеп ашылды. Жобада білім беру ортасының функционалдығы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударылған. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылған. Талаптардың қатарында қазіргі заманғы техникалық құралдарды енгізу арқылы қауіпсіздік шараларын арттыру, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта құру және мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен қамтамасыз ету бар.
Айта кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылдың соңына дейін заманауи форматтағы 217 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Осы орайда, білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры арқылы 18 мектеп ашылды, тағы 41 мектеп республикалық және жергілікті бюджет қаражаты, сондай-ақ инвестициялар есебінен қолданысқа берілді.

«Уақыт».