ЖАҢА БІЛІМ ОРДАСЫ АШЫЛДЫ

Білім – елдің келешегін айқындайтын сала. Сондықтан да Қазақстанда білімнің салтанат құруы үшін барлық жағдайлар жасалып келе жатыр. Әсіресе, өзекті мәселелерді шешу мақсатында жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Оның ішінде орын тапшылығын шешу мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптесік аясында жаңа білім ордалары бой көтеріп жатыр. Бұл өңірлердегі мектептерге түсетін жүктемені азайтуға септін болып келеді. Осы орайда, жуырда біз сөз еткен бастама аясында жаңа білім ордасы бой көтерді. Бүгінгі материалымызда осы тақырыпты кеңінен тарқатпақпыз…

Бұдан біршама уақыт бұрын мемлекет басшысы жекеменшік секторды білім саласына инвестиция салуға жағдай жасауға жергілікті атқарушы органдарға тапсырма берген болатын. Осы тапсырма аясында Орлдабасы ауданына қарасты Темірлан ауылында «Болашақ ұрпақ» мектебі» ЖШС-ның типтік үлгідегі жаңа мектебінің ашылу салтанаты өтті. Айтулы білім ордасының ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Қыдырбай Сейітқұл, мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары Дулат Әбіш, Ғани Раймбеков, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей, ел ағалары арнайы келіп қатысып, қуанышты жағдаймен құттықтады. 242 орынды «Болашақ ұрпақ» мектебі оқушылардың сапалы білім алуына қажетті заманауи мектеп жабдықтары және пән кабинеттерімен, 4 бағытта 4 автобуспен, асхана, спорт зал, кітапхана, бейнебақылау камераларымен толық қамтылған.
Айта кету керек, бүгінде Ордабасы ауданында қоғамның барлық саласы қатар дамып келе жатыр. Мұның өзі өңірдегі өзекті мәселелердің толықтай шешілуіне мұрындық болуда.