ЖАСТАРДЫ ҚҰРДЫМҒА ТАРТАТЫН МӘСЕЛЕ ТУРАСЫНДА КЕҢІНЕН АҚПАРАТ БЕРІЛДІ

Жаңа оқу жылы басталып, мыңдаған бала мектеп табалдырығынан аттады. Алғашқы қоңырау соғылған сәттен бастап еліміздегі мектептер біліммен қатар тәрбие жұмыстарын жүргізуді мықтап қолға ала бастады. Түрлі тақырыпта арқау еткен жиындар өткізіліп жатыр. Оның ішінде жастарды құрдымға тартатын түрлі жат қылықтың алдын алуға басымдық беріліп келеді.

Осы орайда, Түркістан облысына қарасты Жетісай ауданының білім бөліміне қарасты «Әл-Фараби атындағы №12 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 3 қыркүйек күні директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары М.Нұралиевтiң ұйымдастыруымен 8 — 11 сынып ұл балаларымен жиналыс өткізілді. Оған полиция инспекторы Е.Талипов және Р.Сманов қатысты. Күн тәртібінде мектеп оқушылары арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, лудомания, ойынқұмарлықтың салдары, буллингтiң, әлiмжеттiктiң алдын алу және темекі, электрондық темекінің зияны туралы мәселелер айтылды. Жиынға қатысушы мектеп инспекторлары «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген ұлы Абайдың тәлімді сөзін алға тартып, оқушыларды жаман әдеттерден аулақ болуға және тәртіп сақтауға шақырды.
Айта кетейік, елімізде лудомания ауқымды мәселеге айналып отыр. Онымен күрес те қарқынды жүруде. Бүгінде жастар бұл кері әдетке білместікпен барып жатады. Сондықтан оның алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүріп жатыр. Күллі күнгейде қолға алынған бұл бастамалар өткен оқу жылында барлық мектепті қамтыды десек, артық айтпаған болар едік. Түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да белсенді түрде жалғаса бермек.