АУДАН ӘКІМІ АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ ШАРАСЫНА ҚАТЫСТЫ

1 қыркүйек – білім күні. Бұл күні мектеп оқушыларына алғашқы қоңырау соғылады. Білім күні — біз үшін ғана емес, барша әлем үшін айтулы күн. Себебі кез келген елдің болашағы, тәуелсіздігінің тірегі және өзге елмен терезесінің тең болуы білімді жастармен тікелей байланысты. Сондықтан атаулы дата еліміздің барлық аймағында айрықша қуанышпен аталып өтеді. Биыл мереке қарсаңында мыңдаған оқушы мектеп табалдырығынан алғаш рет аттады.

Сондықтан да бұл күннің маңызы әрбір бала үшін айрықша жоғары. Осы орайда, жаңа оқу жылының басталуына орай, Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Шұбарсу ауылындағы «Зерде» жалпы білім беретін мектебінде ұйымдастырылған салтанатты шараға аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы қатысты. Биылғы оқу жылында өңірдегі 66 мектептің 1-сыныбына 3 620 оқушы қабылданды. Аудан басшысы өзінің уақыты және мейірімімен қоса білім нәрін аямай, ұстаздық еткен барша ұстаздар қауымына алғысын білдіре отырып, оқушылар мен ата-аналарға құттықтауын арнады. Өз сөзінде аудан басшысы «Сіздерді келіп жеткен «Білім күні» мерекесімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Бұл күн — баршаңыз үшін шоқтығы биік мереке. Өйткені адам өмірінде қандай биіктерге жетсе де, мұның бәрі білімнің арқасында. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Цифрлық дәуірдегі жаңа білім мен дағдылар — жаңа буынның болашақ табысының кілті» деген болатын. Еліміздің жарқын болашағы жас ұрпаққа терең білім беру мен ұлтын сүйер азамат етіп тәрбиелеу — ұстаздар қауымының қажырлы еңбегі деп білемін. Бүгінде мектеп табалдырығын аттағалы тұрған бүлдіршіндердің қадамдары сәтті болсын» деп атап өтті.
Сондай-ақ жиында аудандық мәслихат төрағасы Бақдаулет Жұмабеков пен ауыл қариялары жас ұрпаққа ұлағатты сөздерін арнады. Салтанатты жиында білім күніне арналған мерекелік концерт ұйымдастырылды. Мектеп бітірушілері 1-сынып оқушыларына арналған әліппе оқулығын табыстады. Жалпы 1 қыркүйектегі көрсеткіш бойынша жаңа оқу жылын Ордабасы ауданының мектептері 37 740 оқушымен бастады.