МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРГЕ ЗАҢ ТАЛАПТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Қоғам үшін өзекті мәселеге айналған теріс әдеттер бүгінде өршіп барады. Әсіресе интернеттің кең қолданысқа енуімен бұл түйткілдер күрделене түсті. Ол қатарда лудомания да бар. Соңғы кездері құрығын кеңге жайған теріс әдеттің салдарынан қаншама отбасы бұзылды. Талай азамат тәуелділіктің кесірінен жұмыстан босап, қарызын қайтара алмайтын деңгейге жетті. Ол қатарда мемлекеттік қызметте істеген мамандар да бар.

Осы орайда, бұл түйткілдің алдын алу бойынша кешенді шараларды біріктіретін заң жобасын қабылдау қажеттілігі туды. Нәтижесінде Мәжіліс депутаттары бастаған топ кең түрде зерттеу жұмыстарын да жүргізді. Деректер адамды шошытады. Жалпы аурулардың халықаралық классификациясы бойынша лудомания аурулар тізіміне енгізілген. Құмар ойынның соңына түскендер дүние-мүлкінен айырылғаны өз алдына, ажырасып, дымсыз қалып жатады. Мұндай жағдай Қазақстан қоғамына да таңсық емес. Ойынқұмарлардың көбеюі салдарынан елімізде лудомандарды емдейтін арнайы орталықтар да ашылған. Олардың негізгі пациенттері – букмекерлік кеңсе ойыншылары. Жалпы, Қазақстанда тіркелген он шақты букмекерлік компания бар. Ал, бейресми мәліметке сенсек, елімізде бұл салада жалпы 30 мыңға жуық адам жұмыс істейді екен. Яғни, әрекет ету ауқымы өте кең. Қазақстанда орта есеппен 350 мың адам құмар ойынның құрбанына айналса, олардың орташа қарызы 10 млн теңгеден асады. Ал елімізде 10 жұптың 7-еуі құмар ойынның кесірінен ажырасады екен. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне жүгінсек, құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу бойынша көрсетілген қызметтердің көлемі 2020 жылы 89,7 млрд теңгені құраған болса, 2021 жылы 501,2 млрд теңгеге жеткен, ал 2022 жылы 600 млрд теңгеден асып түскен. Бұл сома еліміздегі бірқатар облыстың жылдық бюджетінен әлдеқайда көп. Сондықтан да ұзақ зерттеуден кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бүгінде заң талаптарын терең түсіндіру бағытында бірқатар шаралар атқарылып жатыр.
Мәселен, жуырда Шардара ауданында Әдеп жөніндегі уәкіл Ж.Бердешовтың төрағалығымен арнайы кездесу өтті. Жиында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамасы, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және құмар ойындарға тәуелді болмау мен ойын-сауық мекемелеріне бармау, мемлекеттік қызметшілердің жалпыға бірдей қабылданған іскерлік стиліне сай болу, сондай-ақ әлеуметтік желілерді қолдану барысында өздерінің ой-пікірлерін көрсетілген талаптарға сай дұрыс жеткізу, қызметтен тыс уақытта жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстану, өзара қарым-қатынас пен сындарлы ынтымақтастықты орнатуға, нығайтуға ықпал ету және кәсіпкерлік қызметпен айналысуға шектеу қоймау мәселелері жайында айтылды. Сонымен қатар жоғарыда атап өткен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңының талаптары да түсіндірілді.