БӘЙДІБЕК АУДАНЫНДА СЕМИНАР-КЕҢЕС ӨТТІ

Заңның орындалуына күллі қоғам жауапты. Ол қатарда мемлекеттік қызметшілерге артылар жауапкершіліктің жүгі ауыр. Өйткені мемлекеттік қызметте істейтіндер заң жүктеген міндеттерді қалтқысыз атқаруы керек. Сондықтан да мемлекетімізде қандай да бір заң қабылданса, әуелгілерден болып мемлекеттік қызметшілерге түсіндіріледі.

Осы орайда, Түркістан облысына қарасты Бәйдібек ауданындағы Мемлекеттік кірістер басқармасында семинар-кеңес болып өтті. Семинар-кеңесте 2024 жылғы 9 қыркүйекте Қазақстан Республикасының «Кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызмет, еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және қажетсіз заңнамалық реттеуді жою мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы күшіне енетіні басқарма қызметкерлерінің назарына жеткізіліп, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Заңының 12-бабының 1-тармағына енгізілген өзгерістерді атап, мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуына тыйым салу 6-тармақшамен толықтырылғаны, Заңның 12-бабының 4-тармағына сәйкес, адамдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдамауы қызметке қабылдаудан бас тартуға немесе жұмыстан шығаруға, мемлекеттік қызметті тоқтатуға негіз болатыны, құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуға тыйым салынғаны айтылды.
Қабылданған заң жобасының өзге де талаптары түсіндірілді. Атап айтсақ, бұдан былай букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамаларына шектеу қойылды. Атап айтқанда, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды сыртқы жарнамасына, сондай-ақ олардың қызметін көлік құралдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, кино, видео және анықтамалық қызмет көрсету орындарында жарнамалауға тыйым салынады. Тек букмекерлік кеңсе немесе тотализатор орналасқан жердегі сыртқы жарнамаға, спорт ғимараттарының ішінде және спортшылардың киімінде, спорттық тақырыпқа маманданған және ресми тіркелген БАҚ-та, сондай-ақ отандық телеарналар халықаралық спорттық жарыстарды тікелей трансляция жасаған кезде жарнамалауға рұқсат етіледі.