ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ — ЗАМАН ТАЛАБЫ

Қазіргі таңда «Лудомония» ұғымы қоғамда жиі кездеседі. Лудомания – бұл адамның физикалық, психологиялық, қаржылық немесе әлеуметтік әл-ауқатына теріс әсер еткеніне қарамастан, құмар ойындарға деген қажеттіліктен зардап шегетін тәуелділік. Қазіргі заманғы технологиялар мен беттингтік компаниялардың интрузивті жарнамасы дәуірінде лудомандардың саны жыл сайын емес, күн санап артып келеді.

Сондықтан бұл түйткілмен күрес шаралары елімізде қарқынды түрде қолға алынып, жүзеге асып келе жатыр. Мәселен, жуырда Түркістан облысына қарасты Мақтаарал ауданының ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен орта арнаулы оқу орындарында кестеге сәйкес, қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша кездесу өтті. Жиын барысында Полиция капитаны Құрбанов Ахат Дәуіржанұлы, «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі қызметкерлерінің негізгі бағыт-бағдары мен мақсатын, жұмыс жүргізу тәртібі мен аясын түсіндірген орталық қызметкерлері жастармен жұмыс істеуге қашанда дайын екендіктерін жеткізді. Жастар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтар, лудомания (ойынқұмарлыққа тәуілділік), нашақорлық сынды адами қасиетке жат қылықтардан бойларын аулақ ұстауларына ықпал ету, себеп-салдарын анықтау, сақтандыру жолдарын кеңінен сөз етті. Түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Шараның мақсаты – өскелең ұрпақты құрдымға тартатын түрлі кеселді әрекеттерден аулақ болуға шақыру, қоғамдағы өткір мәселеге айналған лудомания турасында кеңінен ақпарат беру. Осы орайда, еркін форматта өткен кездесуде жастар тарапынан түрлі бағыттағы сауалдар жолданды. Өз кезегінде, спикерлер ол сұрақтарға толыққанды жауап берді.
Айта кету керек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін «Өскелең ұрпақтың денсаулығына әлеуметтік кеселдер залалын тигізеді. Шылым шегуге, ішімдікке және есірткіге тәуелді болу — кеңінен таралған жағымсыз әдеттер. Бұған қоса, соңғы кезде жастар арасында лудомания, яғни құмар ойындарға тәуелділік белең алуда. Бұл кеселден құмарпаздардың өздері ғана емес, олардың отбасы, туыстары мен жақындары зардап шегеді. Жасөпірімдеріміз заманауи технологиялардың ықпалымен құмар ойындарына оңай шырмалатын болды. Мемлекет бұған шектеу қою үшін бірқатар маңызды шара қабылдады. Бірақ бұл шаралар әрине, жеткіліксіз. Жас ұрпақты құмар ойынның зиянды ықпалынан жан-жақты қорғауымыз керек. Мәселені шешу үшін жаңа тәсілдерді қолдану қажет» деп атап өткен болатын. Осының негізінде арнайы заң жобасы да дайындалды. Ұзақ талқыланып, талданғаннан кейін ел Президенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заң арқылы халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеуші және ынталандырушы нормалар енгізіледі. Атап айтқанда, құмар ойындарға немесе бәс тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді. Енді олардың қатарына Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғалар қосылды.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізу арқылы жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың құмар ойындарға, бәс тігуге қатысуына шектеу қойылады. Бұдан былай мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға, бәс тігуге қатыса алмайды. Бұл шектеуді сақтамағаны үшін оларды жұмыстан шығару шарасы қарастырылған. Ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметін реттеу тетіктері күшейтілді. Туризм және спорт министрлігі ойын мекемесінің, букмекерлік кеңсенің, тотализатордың, ставкаларды қабылдау және құмар ойындардың, бәс тігудің бірыңғай ережелерін бекітеді. Бұл ғана емес, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамаларына шектеу қойылды. Атап айтқанда, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды сыртқы жарнамасына, сондай-ақ олардың қызметін көлік құралдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, кино, видео және анықтамалық қызмет көрсету орындарында жарнамалауға тыйым салынады.