ШЫМКЕНТТЕ ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН КОЛЛЕДЖ АШЫЛДЫ

Әр бала – қоғамның ажырамас бөлшегі. Сондықтан мемлекет тарапынан өскелең ұрпақтың бәсекеге қабілетті, жан-жақты болуына барлық жағдайлар жасалып келе жатыр. Ол қатарда мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамға бейімдеу, оларды кәсіп түрлеріне оқыту да кенде қалған емес. Дегенмен елімізде баланы бастауыш сыныптан бастап, кәсіп үйретуге дейінгі кезеңді қамтитын білім һәм тәрбие мекемелері жоқ еді. Енді мұндай орталық еліміз бойынша алғаш рет Шымкент қаласындап ашылып отыр. Тарқатайық…

Үшінші мегаполиске қарасты Сайрам тұрғын алабындағы жарты ғасырлық тарихы бар ерекше балаларды тәрбиелеп, білім беретін мекеме ағымдағы жылдың 12 маусымы күні «колледж» дәрежесін алды. Мектеп-интернат 1979 жылы арнайы оқытуды қажет ететін балаларға арналған көмекші мектеп-интернат болып, 2021 жыл 12 мамырда – «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледж» арнайы кешен» болып қалыптасқан. Ерекше білім алатын балаларды тәрбиелеумен қатар, білім беріп, оларды өмірге бейімдеп, мамандық бойынша дайындайтын мекемелер қатарынан орын алған бұл кешенде 300-ден аса бала, 200-дей қызметкер жұмыс істеп келеді. Ерекше білім алатын балалар түрлі іс-шараларға қатысып, байқаулардың жүлдегерлері атанып, тәрбиеші, мұғалімдерімен қоса ата-аналарын да қуантып отыр.
Колледжде балалар ағаштан жасалған бұйымдарды құрастырушы, тігінші мамандықтары бойынша кәсіп меңгерсе, алдағы уақытта мекемеде аспаз, аяқ киім шебері мамандықтары бойынша топ ашып, мамандар дайындайды. Қазіргі таңда, 48 талапкер оқуға құжат тапсырып, студент атанды. Ішінара тарқатсақ, 3W07221402 – «Ағаштан жасалған бұйымдарды құрастырушы» мамандығында — 23 студент, 3W07230101 – «Тігінші» мамандығына – 25 студент оқуға қабылданып отыр. Қош делік, ілкімді іс, жемісті жұмыс істеп келе жатқан мекеменің мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамға, өмірге бейімдеудегі қызметі зор, міндеті ауыр. Енді бұл мекеменің табалдырығын аттаған бүлдіршіндер болашақта белгілі бір кәсіпті де меңгеріп шыға алады. Бұл — қуантарлық жағдай.