300 ОТБАСЫ ТҰРҒЫН ҮЙ СЕРТИФИКАТЫ АРҚЫЛЫ БАСПАНАЛЫ БОЛАДЫ

Еліміздегі ең өзекті мәселенің бірі – баспана. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта жас отбасылар үшін аталған түйткілдің түйіні қатты. Бұз аз десеңіз, жыл сайын нарықтағы баспананың бағасы да, жалға алу құны да артып бара жатыр. Сондықтан мемлекет тарапынан баспанаға мұқтаж азаматтарға арналған бірқатар бағдарламалар бар. Бүгінгі күнде жергілікті атқарушы билік тарапынан да тың жобалар қолға алынып, жүзеге асырылып келе жатыр.
Мәселен, Шымкентте жергілікті бюджеттен ипотекалық негізде тұрғын үй сатып алушыларға жалпы сомасы 300 млн теңге көлемінде тұрғын үй сертификаты беріледі. Әзірге сертификатқа өтінімдер қабылдау басталған жоқ. Хабарландыру қала әкімдігінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында, бұқаралық ақпарат құралдарында алдын ала жарияланады. Тұрғын үй сертификаты мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20», «5-10-20» бағыттары шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізде банктің ипотекалық қарыз шартын мақұлдау хатын алған соң беріледі. Тұрғын үй сертификатының сомасы әрбір үміткер үшін 1 млн теңгеден аспайтын бірыңғай мөлшерде айқындалған.
Бұдан бөлек, жыл басынан бері 200 млн теңгеге қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаттарын беру бойынша ағымдағы жылдың 22 қаңтарынан бастап азаматтардан құжаттар қабылданып, 218 азаматқа тұрғын үй сертификаттары берілген болатын. Бұл қолдауды 76 І, ІІ топ мүгедектігі бар азамат, 16 толық емес отбасы, ерекше бала асыраушы 49 отбасы, бюджеттік мекемелердің 40 қызметкері, 30 көпбалалы отбасы, 7 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала иеленді. Айта кету керек, 2023 жылы қайтарымсыз негізде 148 отбасы тұрғын үй сертифаттары арқылы ипотекалық баспанаға қол жеткізген болатын.