КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫЛАРҒА 236,2 МЛРД ТЕҢГЕ ЖӘРДЕМАҚЫ БЕРІЛДІ

Елімізде әлеуметтік қолдау шаралары қарқынды жүзеге асып келеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елімізде орта есеппен 594,8 мың отбасы бар. Оларға жыл басынан бері жалпы көлемі 236,2 млрд теңге мөлшерінде әлеуметтік жәрдемақы төленді. Оның ішінде маусымда 594,8 мың отбасыға 40 млрд теңге мөлшерінде жәрдемақы берілген.

Бұл мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады. Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді. Нақтырағы, 2024 жылдан бастап 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 59 183 теңге, 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 73 988 теңге, 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 88 793 теңге, 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 103 598 теңге бөлінген. Ал 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 14 768 теңге мөлшерінде төленеді.
Айта кету керек, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап көпбалалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 7 пайызға артқан. Нәтижесінде биыл көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 474,8 млрд теңге қарастырылған.

Ж.БАЛАУСА.