ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Қауіпсіздік мәселесі ешқашан естен шықпауы тиіс. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта инженерлік инфрақұрылымға келгенде қауіпсіздік талаптары мен заң нормаларын ескере бермейтін тұрғындарды жиі көреміз. Сондықтан де Шымкент қаласында мониторинг жұмыстары жиі жүргізіліп, азаматтарға ақпараттар беріліп келеді. Жуырда осындай шаралардың бірі өткен еді. Ендеше соған ойысайық…

Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Мерлан Керімжановтың бастамасымен мәслихат депутаты Бөкейхан Әбішев, газ техникалық қызметінің мамандары, Әл-Фараби ауданы әкімі аппараты, аудандық төтенше жағдайлар және полиция басқармалары, «QazaqGaz Aimaq» АҚ ШӨФ және үйішілік газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсетуші мекемелердің өкілдері Шығыс шағынауданындағы көпқабатты үй тұрғындарына улану жағдайларының алдын алу және қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Азаматтарға үйішілік газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсетуші мекемелермен келісімшарт жасау міндеттілігі түсіндірілді. Қазір қауіпсіздік ережелерінің сақталмауынан түрлі деңгейде улану жағдайлары тіркеліп жатыр. Бұл бағыттағы шаралар алдағы уақытта барлық аудан аумағында жалғасады.
Айта кетейік, үй иесі газ тұтыну жүйелерінің, газ жабдығының тиісті техникалық жай-күйін және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті. Коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылар газ тұтыну жүйелеріне, газ жабдығына техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасаспай, оларды пайдалануға тыйым салынады. Сондықтан әр азамат өзімен қатар өзгенің де саулығына сақтықпен қарап, заң талаптарын орындауға тиіс.