КЕЛЕЛІ ЖИЫНДА ӨЗЕКТІ ТАҚЫРЫПТАР ЖАЙЫ ТАРҚАТЫЛДЫ

Түркістан – еліміздегі халық саны жоғары қарқынмен өсіп келе жатқан өңірлердің бірі. Сәйкесінше, облыс аумағында дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, этносаралық қарым-қатынасты нығайту және құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың маңызы айрықша. Сондықтан да облыс аумағында біз сөз еткен жұмыстар жемісті түрде жүзеге асып келе жатыр. Жыл басынан бері түрлі сала мамандарынан жасақталған ақпараттық-насихат тобы өңірлерде келелі кездесулер мен көшпелі отырыстар өткізіп, халыққа құнды ақпараттар беруде.

Жуырда аталған бағыттағы жұмыстар Төлеби ауданына қарасты Киелітас ауылдық округінде ұйымдастырылды. Нақтырағы, ағымдағы жылдың 13 маусым күні Төлеби аудандық ішкі саясат бөлімі және Киелітас ауылдық округі әкімі аппаратының бастамасымен келелі жиын өтті. Оған Түркістан облысының дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог, социолог мамандары Б.Абдрахман, А.Өмірбек , Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Этносаралық қатынастар саласы мониторингі және ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Х.Исақов, Төлеби ауданы ішкі саясат бөлімінің маманы А.Құрманалиев, ақпараттық түсіндірме тобының мүшесі, аудандық «Нұр» мешітінің найб имамы Ж.Жаппаров, Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиалының басшысы Е.Айтжанов, Киелітас ауылдық округі әкімі аппаратының құрылымдық бөлімше басшысы А.Оспанов қатысты. Жиын барысында этносаралық татулық мәселесі сөз болды. Спикерлердің айтуынша, бүгінгідей жаһандық саясат сан түрлі бағытта құбылып тұрған уақытта елдің ішкі бірлігінің маңызы зор. Қоғам бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ортақ мақсат жолында жұмыла жұмыс істесе, ел дамып, экономика гүлденеді.
Сонымен қатар жиын барысынла жастарды тура жолдан адастыратын күрделі мәселелер жайы да сөз болды. Олардың қатарында лудомания сынды мәселе де бар. Дін саласы қызметкерлерінің айтуынша, лудомания – адам өмірінде негативті тұрғыдан басым рөл ойнайтын, әлеуметтік, кәсіби, материалдық тұрғыдан және отбасылық құндылықтардың төмендеуіне әкелетін патологиялық ойын құмарлығы. Азарт адамдарды тек материалдық шығынға ұшыратпайды, сондай-ақ рухани тұрғыда да әбден азғындатады. Оның арты түрлі алаяқтық пен құқықбұзушылыққа бастауы мүмкін. Сондықтан мұндай кеселді әрекеттерден аулақ болған жөн. Жалпы жиын барысында ауыл тұрғындары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жиынға қатысқан тұрғындар да белсенділік танытып, сауалдарын қойып, өз пікірлерін білдірді.
Айта кетейік, лудоманиямен күрес бағытында елімізде арнайы заң жобасы дайындалды. Оған сәйкес, өтелмеген алименттік және несиелік қарызы бар азаматтардың құмар ойынға бәс тігу құқығы шектеледі. Заңсыз лотоматиктерге мүлдем тыйым салынады. Балалар, білім беру, медициналық және діни ұйымдар орналасқан тұрғын үйлер мен ғимараттарда лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады. Ойын бизнесін ұйымдастырушылардың аппараттық-бағдарламалық кешендері Мемлекеттік кірістер органының ақпараттық жүйелерімен интеграцияланбақ. Бұл ғана емес, енді букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасы шектеледі. Ал ойында бәс тігу жасы 21 жастан 25 жасқа дейін көтеріледі. Мұның баршасына құмар ойынның зардаптарының жыл өткен сайын ауырлап бара жатқаны себеп болды десек, артық айтқанымыз емес. Мәселен, былтыр букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы бейресми ақпараттар бойынша 1 триллион теңгеге жеткен. Бүгінде құмар ойындары жылжымайтын мүлік нарығын басып озып, алдыңғы орынға шыққан. Бұл мәселеге президент Қауіпсіздік кеңесінің отырысында да, Ұлттық құрылтайда да бірнеше рет ерекше тоқталған болатын. Заң жобасы осының негізінде дайындалды.