«ҚҰМАР ОЙЫНҒА ҚҰМАРТПА!» ТАҚЫРЫБЫНДА КЕЗДЕСУ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Түркістан облысына қарасты аудандар мен қалаларда жат қылықтар мен теріс әрекеттердің алдын алу бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылып келе жатыр.

Жыл басынан бері күнгейдегі көптеген білім ордаларына құқық қорғау органы қызметкерлері, психологтар және дін саласының қызметкерлерінен жасақталған ақпараттық-насихат топтары арнайы барып, көптеген түйткілді мәселелер бойынша кеңінен ақпарат берді. Күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің қатарында жастарды құрдымға бастайтын құмар ойындары да бар. Бұл қазіргі уақытта әлемді алаңдатқан күрмеуі қатты мәселеге айналып отыр десек, артық айтқанымыз емес. Сондықтан да Қазақстанда арнайы заң жобасы дайындалып, алдағы бірнеше жылда атқарылатын кешенді жұмыстардың жоспары бекітілді.
Осы орайда, жуырда Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Қазығұрт ауданында келеңсіз жағдайлар мен жат қылықтардан зардап шеккен жастарға психологиялық көмек көрсету мақсатында «Құмар ойынға құмартпа!» атты лудоманияның алдын алу бойынша семинар-тренинг өткізілді. Семинар-тренингте «Қоғамдық даму және психологиялық көмек көрсету» бөлімі басшысы Кипчакбаева Гүлнұр Бейсенқызы және «Komek center» тәуелділікті оңалту және емдеу орталығының психологы, педагогика ғылымдарының магистрі, практик-психолог Тұрсынбаева Айсұлу Полатқызы инновациялық технологияларды қолдана отырып, лудоманиямен күресу жолдарын түсіндірді. Гүлнұр Бейсенқызының пікірінше, лудомандар – құмар ойынның шырмауына түскен адамдар. Казино мен букмекерлік компаниялар жұмысы барынша қарқынды дамыған кезден бері «лудомания» деген термин кеңінен қолданыла бастады. Аурулардың халықаралық классификациясы бойынша лудомания аурулар тізіміне енгізілген. Құмар ойынның соңына түскендер дүние-мүлкінен айырылғаны өз алдына, ажырасып, дымсыз қалып жатады. Мұндай жағдай Қазақстан қоғамына да таңсық емес. Ойынқұмарлардың көбеюі салдарынан елімізде лудомандарды емдейтін арнайы орталықтар да ашылған. Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынған ақпараттарына сенсек, елімізде ойын құмарлықтан жапа шеккендердің саны отыз алты мыңнан асып жығылады. Сондықтан мұндай шараларды үнемі өткізіп отырудың маңызы зор. Халықты дер кезінде ақпараттандыру ауқымды мәселелердің алдын алуға себеп болады.
Келелі жиын барысында құмар ойынның зардаптары, белгілері турасында кеңінен ақпарат берілді. Жастар тақырып төңірегіндегі өз ойларын ортаға салып, пікірлерін жеткізді. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта лудомания қазақ қоғамындағы ең өзекті мәселеге айналып отыр. Сондықтан да мұндай шаралардың қоғам үшін маңызы айрықша. Сәйкесінше, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да белсенді түрде жалғаса береді.